Бүгін Өскеменде Ертіс өзеніндегі көпірдің ескі бөлігі құлап қалды. Жөндеу жұмысы барысында көпір бөлігі сол жаққа қарай қисайып барып құлаған. Плита тігінен түсіп, 4 жұмысшы төмен сырғанап кетті. Бір адам аяғын зақымдаса, екеуі жоғарыда ілініп қалған.
Осы жағдайға байланысты облыстық прокуратура ҚР ҚК 277-бабы бойынша (тау және құрылыс жұмыстарын жүргізуде қауіпсіздік ережелерін бұзу) қылмыстық іс қозғады.
Қадағалау органы оқиғаның нақты себептері мен жөндеу жұмыстарына жауапты тұлғалардың кінәсін анықтау үшін шаралар кешені жүріп жатқанын баса айтып өтті. Әзірге көліктер мен жаяу жүргіншілер өтіп жатқан жаңа көпір конструкциясында да ақау бар деуге еш негіз жоқ. Оқиға ШҚО прокуроры Бағбан Тайымбетовтың ерекше бақылауына алынды.
Оқиға орнында авариялық құтқару жасағы, «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстар қызметі» құтқарушылары жұмыс жүргізуде. Құтқарушылар арқанның көмегімен 2 ер адамға жерге түсуіне көмектесті. «Апат медицина орталығының» дәрігерлері алты адамды да қарап шықты.
"Сайгез-ақпарат"
Фото Қазақпарат сайтына тиесілі