Вице-премьер И. Тасмағамбетов дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде жүргендерді оңалтудың маңызды екенін атады.
Астанада өтіп жатқан VII Азаматтық форум барысында діни ахуал мәселесі де қаралды. Пленарлық отырыс барысында Премьер-Министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде жүргендерді оңалту мәселесіне тоқталды.
«Дерадикализация – бұл мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың бірігіп, барынша күш салып жұмыс жасайтын сала.
Бүгінде тек 22 қоғамдық ұйым дін саласында кеңес беру және оңалту көмегін көрсетумен айналысады. Бұл жалпы ҮЕҰ санының 0,12 пайызы ғана. Ал, ресми статистика мәліметі бойынша елде 15 мың жуық адам діни жат ағымдарды қолдайды. Бұған қарамастан, тек төрт облыста (Астана, Көкшетау, Қарағанды, Тараз) екіден көп орталық жұмыс жасайды, Петропавлда бірде-бір оңалту орталығы жоқ.
Оңтүстік Қазақстан облысында үш мыңға жуық тыйым салынған діни ағымдардың ізбасарлары бар. Алайда, аталған облыста тек бір ғана үкіметтік емес ұйым («Нұр-Мұра» ҚБ)» дін саласында кеңес беру және оңалту мәселесімен айналысады», - деді пленарлық отырыс барысында вице-премьер И. Тасмағамбетов.
"Сайгез-ақпарат"