Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы фейсбукке тіркелді.
"Қадірлі достар! Мен мәдениет пен спортқа қатысты нақты ақпараттарды бөлісуге, сондай-ақ, осы саладағы барлық маңызды мәселелерді талқылау үшін facebook әлеуметтік желісінде парақша ашуды жөн көрдім. Сонымен қатар, осы парақша арқылы жас режиссерлермен, суретшілермен, әртістермен, әншілермен және де көптеген дарынды тұлғалармен тілдесуге әрі байланыс орнатуға дайынмын. Себебі біздің қасиетті жеріміз талантты жандарға кенде емес. Өзімнің достарыма сапалы «кері байланыс» пен қолдау білдіргендері үшін зор алғысымды білдіремін. Барлық ой-пікірлерді жеке өзім оқуға және мүмкіндігімше жауап беруге тырысамын.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, ертең 27 қараша күні «Керуен» ССО-да сағат 11-00-де балалар үйлері мен SOS балалар ауылының тәрбиеленушілері үшін Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібектей хандардың рөлі туралы баяндайтын «Қазақ елі» анимациялық фильмінің көрсетілімі ұйымдастырылғанын хабарлаймын. Отандық фильм біздің балаларымыздың көңілдерінен шығады әрі осындай туындылар арқылы оларды қуантып қана қоймай, өскелең ұрпақтың бойына Отанға деген сүйіспеншілікті сіңіреміз деген ойдамын" деп алғашқы постын да жазып үлгерді.
"Сайгез-ақпарат"