Қай елде білім алған тиімді: АҚШ па, әлде Еуропа ма?

Жаңалықтар
28.11.2016, 09:58

%d0%b1%d0%b5%d0%b7-%d0%bd%d0%b0%d0%b7%d0%b2%d0%b0%d0%bd%d0%b8%d1%8fҚазақ жастарының шетелде білім алуына тікелей мүмкіндік жасап берген "Болашақ" бағдарламасы екені белгілі. Тәуелсіздік жылдарындағы тағылымды қадамдардың бірі - осы "Болашақ" бағдарламасы. Бүгінде "Болашақ" түлектерінің алды жауапты қызметке кірісіп, алған білімін, жиған тәжірибесін елге жұмсауды бастап та кетті.

"Болашақ" бағдарламасы бойынша, немесе басқа да ақылы жолдармен шетелде білім алуға оқталғандардың арасында көбіне таңдау тұратыны жасырын емес. АҚШ немесе Еуропа (Британия)? Артықшылығы неде, таңдау қайсысына түсу керек? Міне, осы сұрақты Британия мен АҚШ-та білім алып жатқан бірнеше қазақ жастарына да қойып, әркім өз деңгейінде жауабын да берді. Қажет деп тапсаңыз, оқып шығыңыз....

%d0%b4%d0%b0%d1%80%d1%85%d0%b0%d0%bd-%d3%a9%d0%bc%d1%96%d1%80%d0%b1%d0%b5%d0%baДархан Өмірбек (АҚШ):

Жоғары білім алу ошағы ретінде АҚШ-ты таңдауға бес себеп (магистратура)

1. Әлемдік рейтингте топ жарып тұрған университеттерде білім алу мүмкіндігі. Колумбия университеті, Стэнфорд, Корнел, Гарвард, Калтех, Массачусетс технология институты, Йель университеті, Пенсильвания университеті, Беркли (Калифорния университетінің бір тармағы) және т.б. Рейтингтегі алғашқы 30 ЖОО-ның тең жартысы америкалық.

2. Мамандықтардың спектрі кең. АҚШ ғылымның барлық саласын зерттейтін жалғыз мемлекет. Тіпті, сіздің хоббиіңіз мұнда мамандық ретінде үйретілуі мүмкін.

3. Оқу бағдарламасы көбіне 2 жыл құрайды. Бұл оқу бағдарламасын тыңғылықты игеруге мүмкіндік береді. Алған біліміңізді қиналмай қорыта аласыз және арасында мамандығыңыз бойынша жұмыс істеп үлгеруге болады.

4. Іріктеу процедуралары қаталырақ, бірақ мұның артықшылығы тобыңызға өңкей білімді және алғыр студенттер түседі. Демек, академиялық білім алу кезінде тобыңыздағы студенттер арасындағы бәсеке деңгей жоғары болады.

5. Отбасымен баруды жоспарласаңыз АҚШ сіз үшін салыстырмалы түрде қолайлы болмақ. Визаны рәсімдеу шаралары жеңілдеу және өмір сүру арзандау (мысалы Англиямен салыстырғанда). Сондай-ақ, балаңызды балабақша мен мектепке орналастыруда еш қиындық туындамайды, әсіресе Калифорния штатында.

%d1%80%d1%83%d1%81%d0%bb%d0%b0%d0%bd-%d0%b6%d0%b5%d0%bb%d0%b4%d1%96%d0%b1%d0%b0%d0%b9Руслан Желдібай (Британия):

Ұлыбританияда оқу туралы шешімді қабылдауға бірнеше себеп әсер етті:

1. Мамандық. "Жобаларды басқару" мамандығы бойынша әлемдегі көшбасшы мемлекет - Ұлыбритания. Бұл саладағы негізі стандарттар осында жасалған, әлемдік маңызды жобаларды британдық компаниялар іске асырады.

2. Университет. Warwick - Британияның ғана емес, әлемнің үздік оқу орындары қатарына кіреді. Шетелде оқу туралы шешімді елге қарап таңдаған жөн емес. Бастысы, мамандық пен университеттің дұрыс таңдау деп ойлаймын.

3. Магистратура уақыты. Британияда магистратура бір жыл ғана, бірақ динамикасы жылдам, курс ауыр. Есесіне, уақыт үнемдейсіз. Мәселен, АҚШта бұл екі жыл.

%d3%99%d0%b4%d1%96%d0%bb%d0%b1%d0%b5%d0%ba-%d0%b6%d0%b0%d0%bf%d0%b0%d2%9bӘділбек Жапақ (Британия):

1. «Болашақ» бағдарламасына қатысуға ынта білдірген сәттен алдымда  екі таңдау тұрды. Мұхит асып, Америкаға бару немесе  Кәрі құрлықтан бір үзім енші алып, өз еркімен тыныстап жатқан Тұманды Альбионды таңдау. Әлбетте, балалы-шағалы әрі ата-анаға, бауырға алаңдап тұратын үйдің бас көтерер үлкені болған соң алысқа шығандап ұзап кете алмадық. Елді аңсағанда, тәулікке жақын титықтағаннан гөрі, 7 сағатта желіп емін-еркін келіп-кетіп жүргенді артық көрдім.

2.  Ал, екінші үлкен себеп – Ұлыбританияның медиа нарығы мен оған маман дайындайтын медиа мектептері туралы алған алғашқы мағлұматыма былайша айтқанда «бас қаңғып, көз тұнды».   BBC-ді айтпағанның өзінде, Sky, BT, ITV сияқты  алпауыт броудкастинг корпорациялары,  жүздеген газет-журналдарды басқаратын Руперт Мердоктың News Corporation-ы мен Trinity Group сияқты медиа конгламераттар  шоғырланған, онлайн және коммюнити медиа, тәуелсіз ТВ продакшн, музыка, фильм нарығы жақсы дамыған барынша колоритті  медиа нарық.  Ал, медиа  саласына кадр  дайындау орталықтары  негізінен Лондон экономика мектебінде, Кардиф, Шеффилд, Лидс, Уорвик, Глазго университеттерінде қалыптасқан.

Өзі әу бастағы арман-мақсатың бетке алған нысаныңа жақындаған сайын айқындала түседі. Қаржылық журналистиканы игеремін деген ой болған. Бірақ таза  Financial Journalism оқытатын Лондондағы Сity университетінің репутациясы төмен болып, «Болашақ» рұқсат еткен университеттердің тізімінде жоқ болып шықты.  Ал, бұдан бұрын бес ай  академиялық ағылшын тіліне машықтанған Кардиф университетінің JOMEC мектебінде (School of Journalism, Media and Cultural Studies)   Financial and economic reporting  - қосымша модульдердің бірі ретінде оқытылатын болды. Бұл жақтан таңдаған Political Communication мамандығынан саясатқа араласқым келмегендіктен айнып қалдым.    Негізінде, жоғарыда аталған бес университеттің бесеуіне де  шақырту алдым. Бірақ ойлана келе,  Уорвик университетінің   Mедиа және мәдени саясат орталығы ұсынған Creative and Media Enterprises  мамандығын  таңдауды ұйғардым.  Осы жерде жалпы Ұлыбритания Медиа, мәдениет және спорт саласын  өзара байланыста қарастыратынан айта кетейік (Department for Culture, Media and Sport). Екіншіден, медиа  – тоғыз саланы біріктіретін креатив индустрияның құрамдас бөлшегі. Оның құқықтық негізі Тони Блэр өкіметі кезінде,  1999 жылы қаланған. Ал, соңғы деректерге сүйенсек, Креатив  индустрияның тауар және сервис үлесі  бүкіл Ұлыбритания экономикасының 8,8%ын құрайды, ішкі жалпы өнімдегі үлесі 5% немесе £76.9 миллиард (деректер 2013 жылға тиісілі, 2015 жылы қаңтарда шыққан статистикалық релизден алынды-авт).  Яғни, оқып жатқан курсым медиа және креатив индустрия саласын әдемі жымдастырып,  заманның  талабына қарай құрылған. Атап айтқанда медиа мен креатив индустрияның  стратегиялық дамуы,   политэкономиясы, осы салаға қатысты авторлық құқық, патент пен сауда белгісін қорғау, маркетинг, брендинг,  аудитория қалыптастыру сияқты бағыттарды қамтиды.  Сондықтан  курстың контенті көңілімнен шықты.  Қазір Сreativity and Organization, Managing Intellectual Property деген негізгі модульдерді оқып жатырмын. Келесі семестрлерде Global Media, Audience Development and Digital Media Strategy, Marketing and Market, Cultural Entrepreneurship деген модульдерді өтемін деп жоспарлап қойдым. Оның арасында креатив индустрия саласындағы есеп мен аудиттың әліппесінен ақпар беретін бір-екі апталық Financial Management қысқа курсын оқуды бастадық.

Мұның бәрін толыққанды игеремін деп айта алмаймын, бірақ медиа менеджмент, мәдени  саясат саласында бірталай білім жиатындай мүмкіндік алғаныма қуанамын.

3. Таңдаудың Ұлыбританияға түскенінің тағы бір  себебі  - тарихының тартымдығы, Конституциялық монархияны, одан қалған сан ғасырлық мұра мен дәстүрді көзінің қарашығындай сақтауы. Қолымыз боста, жоспарды сызып алып, тарихи орындарын, табиғи қорықтарын аралауға, жергілікті жұртын, әсіресе,  мәдениетінің мәйегі кете қоймаған  қаладан тысқары жердің халқымен танысуға тырысамыз. Кейде, соның  бәрін таспаға түсіріп әңгімелеп,  майын тамызып мақала жазып отырғың келеді. Бірақ «Қойшы, маған дейін де, кейін де талай қазақ келіп-кетіп жатыр. Бұл кімге таңсық дейсің?» деген бір самарқаулық кежегемді кейін тартады да тұрады. Бәлки, мұным дұрыс та емес шығар. Оның осы шағын пікіріме пікір қосатын оқырман жұрттың еншісіне қалдырдым.

%d0%bc%d2%b1%d1%80%d0%b0%d1%82-%d0%b5%d1%81%d0%b6%d0%b0%d0%bdМұрат Есжан (АҚШ):

1. Тілдік орта. Бүгінде әлемдегі барлық электронды ақпараттың 80 пайызы ағылшын тілінде. Осы маңызды тілді жеткілікті деңгейде игеру үшін АҚШ өте қолайлы.

2. АҚШ-та жоғары білім жүйесі жақсы дамыған. Әлемнің үздік университеттер тізімін қарасаңыз да, басым бөлігі құрама штаттарда орналасқанын байқауға болады.

3. Тұрғылықты xалқының өзі әртараптан жиылғандықтан, АҚШ қоғамы сырттан келгендерді оңай қабылдайды. Кез-келген мәдениетке, кез-келген ұстанымға есік ашық. Бұл өз кезегінде түрлі қарым-қатынас орнатуда, үйренуде, тәжірибе алмасуда және өз идеяларыңды жүзеге асыруда көп көмегін тигізеді. Білетіндер Еуропа бұл жағынан аздап томаға-тұйықтау, консервативті көзқарасқа бейімдеу деп айтып жатады.

4. Жаңа басшылықтың келуімен өзгеріп кетпесе, АҚШ-та бос уақытта, каникул кездерінде қосымша жұмыс істеп, күнкөріс қамын жасау мүмкіндігі бар.

5. Соңғы пунктті өз саламмен (кино және телевизия) байланыстырайын. АҚШ - кино өндірісі жөнінен әлемдік көшбасшы. Тиісінше, ол саланы оқыту тәжірибесі де бай деп айтуға болады.

%d0%b8%d1%81%d0%b0%d1%82%d0%b0%d0%b9-%d0%bc%d0%b8%d0%bd%d1%83%d0%b0%d1%80%d0%be%d0%b2Исатай Минуаров (Британия):

1. Сапалы білім. Атақты Times Higher Education апталығының мәліметі бойынша әлемнің үздік 200 университеттерінің көшін Ұлыбританияның 32 университеті бастап тұр. Сіздің сұранысыңызды қанағаттандыра алатын барлық бағыт бойынша өзіңіздің университетіңізге өтініш тастауға болады. Британиялық жоғары білім жүйесінің сапасының жоғары екендігінің тағы бір дәлелі – жыл сайын 430,000 шетелдік талапкерлер осында білім алуға келеді. Британиялық университеттердің шетелдіктерді қабылдау процедурасы америкалық жүйеден жеңіл болғанымен, оқу және емтихандар барысында британиялық университтердің студенттерінің кестесі америкалық студенттерге қарағанда өте тығызырақ келеді. АҚШ-та емтихан ретінде тест жүйесі кеңінен қолданылады, Британияда жазбаша емтихан және көбінесе эссе түрінде тапсырасыз (әр пән кемінде 3 000 сөз, семестр барысындағы басқа эссе тапсырмаларын есептемегенде).

2. Университеттердің ғылыми базасы. Британиялық университеттердің халықаралық рейтингтердегі жоғары орындарда болуының тағы бір себебі - әр алуан ғылыми зерттеулерге көңіл бөлуінде және ғылыми әлеуеті бар студенттерге қаржылай көмек көрсетуінде. Кез-келген университетке барсаңыз, оған қарасты ғылыми зерттеу институттарының көптігіне көз жеткізуше болады. Мысал ретінде, Манчестер университетінің ракты зерттеуге бағытталған ғылыми институты Ұлыбританияның Денсаулық сақтау министрлігімен етене жұмыс атқарып, министрлікке қажетті зерттеу нәтижелерін қамтамасыз етіп отырады. Институттың жылдық бюджеті 3,5 млн. Фунт стерлингін құрайды және 42 ғылыми қызметкерді жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Осы іспеттес басқа бағыттағы институттардың саны бірнеше.

3. Білім алу ақысының қолжетімділігі. Британиялық университеттер сапасының жоғары болуымен қатар оқу ақысының салыстырмалы түрде арзандығымен де танымал. Бакалавриат немесе магистратура бағдарламасы бойынша білім алу үшін шетелдік студент жылына орта есеппен 12 000 фунт стерлингін (15 000 АҚШ доллары) төлейді (бакалавриат 3 жыл, магистратура 1 жыл, басқа мемлекеттерде сәйкесінше 4 және 2 жыл). Дәл осы бағдарламалар АҚШ-та кемінде 30 000 АҚШ долларын құрайды, яғни екі есе көп. Тіпті ЕуроОдаққа мүше мемлекеттірдің өзінде көш бастап тұрған университеттерде білім алу ақысы Ұлыбританиядан көбірек (орта есеппен 20 000 евро).

4. Тәжірибе жинақтау мүмкіндігі. Ұлыбританияның кез келген  университетінде жылына бірнеше рет студенттерге арнап түрлі компаниялар жәрмеңкелер өткізіп тұрады. Яғни, білім алып жатқан студенттерге өздерінің бағыты бойынша арнайы internship (тағылымдама) өтуге көп мүмкіндік бар. Олар қазақстандағыдай мәжбүрлі түрде жасалмайды және тегін емес. Студенттер білім алып жатып, тәжірибемен қатар жақсы жалақы алу мүмкіндігіне ие болады. Екіншіден, бұл жәрмеңкелер жаңадан бітірген түлектерге жұмысқа тұру мүмкіндігін береді.

5. Атақты түлектер, ғалымдар. Британиялық университеттерден әлемге танымал саясаткерлер, ғалымдар, мәдениет өкілдері түлеген. Әлемдегі 90 Нобель сыйлығының иегерлері Британиялық университеттердің ғалымдары. Бір ғана Манчестер университетінен 27 Нобель сыйлығының иегері шыққан. Британиялық шығармашылық элита, яғни, ғалымдар, программистер, телевизия мамандары әлемдегі көш басын бастап тұрған адамдар. Орта есеппен олар жылына 112 миллиард фунт стерлинг пайда түсіріп отырады.

Әзірлеген - Жандос Смайыл.

Сұхбат

PhotoRoom