Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркияның премьер-министрі Реджеп Тайып Ердоғанды Қазақстан халқының және жеке өз атынан Түркия үшін маңызды оқиға - президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады, деп хабарлады Ақорданың сайты.
«Сайлау нәтижелері Сіздің қоғамдағы беделіңіздің, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді еңсеруге және Түркияның халықаралық орнын нығайтуға бағытталған саясатыңызға көрсетілген кең қолдаудың айқын дәлелі болды», - делінген жеделхатта.
Мемлекет басшысы, сондай-ақ Р.Ердоғанның басшылығымен Түркия Республикасы халықаралық саясатта салмағы бар жоғары дамыған елдердің біріне айналғанын атап өтті.
«Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық ынтымақтастық деңгейіндегі бауырлас қарым-қатынастар нығая түсетініне кәміл сенемін», - делінген жеделхатта.
Соңында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Р.Ердоғанға зор денсаулық, жаңа қызметіне толағай табыс, ал бауырлас түрік халқына бейбіт өмір мен құт-береке тіледі.