Семей қаласына қарасты Шүлбі кентінде орналасқан ГЭС-тің көктем сайын қалаға қауіп төндіріп тұр деп жазады «Алаш айнасы». Шүлбі кентінің өз ішінде талай жылдан бері түйіні тарқамай келе жатқан өзге де проблемалар бар екені белгілі болды. Оның дені әкімшілік орталығы Семей қаласына қарайтын кент тұрғындарының қала әкімі Айбек Кәрімов жыл сайын есеп беруге келгенде есіне түсіріп отырса да жағдайдың «баяғы жартас, бір жартас» қалпында қалуынан шығып отыр.
– Мысалы, іргемізде Шүлбі ГЭС-і арқылы қала да, кент те жарықпен қамтамасыз етіліп отыр. Ал бірақ, бізде жарық бағасы 8,3 теңге. Шын мәнінде ГЭС біздің кентте орналасқандықтан, баға бізде міндетті түрде жеңілдікпен белгіленуі тиіс еді. Телефонға стандартты баға қойылған. Сөйлессең де, сөйлеспесең де 1 500 теңге қалтаңды «тескілеп» тұрады. «8»-дік байланыс түріне жоламауға тырысамыз. Біздегі жарықтың жағдайы туралы қала әкімі Айбек Кәрімов есеп беру жиынында кент тұрғындарымен кездесуге келген сайын зейнеткерлеріміз айтады. Бәрі реттелетініне сендіріп әкім кетеді, бірақ, мәселе сол басы ашық күйде әлі келе жатыр-дейді Шүлбі кентіндегі орта мектеп мұғалімі Ерлан Қайырұлы.
Сонау 1978 жылы Семейдің қантамыры іспетті ГЭС-тің салынуына байланысты іргетасы қаланған кенттегі кері кеткен жайт бір бұл ғана емес. 3,5 мың халқы бар Шүлбіде республикалық телеарналардан «Хабар» мен «Қазақстанның» ғана көрсететінін айтудың өзі ұят. 7-арна, КТК, 31-канал жаңалықтарын тыңдауға мүмкіндік жоқ.
Мұнда психологиялық аурухана, мектеп, AES “Шүлбі СЭС” ЖШС-і, Ертіс-гидроқұрылыс” АҚ сияқты маңызды мекемелер мен кәсіпорындар орналасқан. Қала ғана емес, облыс үшін де маңызды нысандар бола тұра электронды ақпарат кеңістігінің аясы шектеулі күйде тұрғаны еш ақылға сыймайды.
Көп ұлтты еліміздің ішкі ынтымақ-татулығының жарасқандығы тәуелсіздігімізді сақтауда тәуба дегізгенімен, Шүлбіде қазақ тілінің қолданыс деңгейі «тәтті өтіріктен, ащы шындық артық» деген мақалды еріксіз ойға оралтады. Жергілікті тұрғындардың 60 пайызын орыс ұлтының, 34 пайызын (!) қазақ ұлтының, қалғандарын өзге ұлт өкілдерінің құрайтындығына қарап, мемлекеттік тілдің орындалуы мәз еместігі көрініп тұр. Кент әкімі Лилия Гребельнаяға қандай да бір мәселеге байланысты тұрғындар өтінішін ресми тілде жазуына тура келетіндігі де ешкім жоққа шығармайды . Қазақ тілінде өтініш қабылданбайды (дұрысы қабылдамайды- С.Қ). Келіссең де, келіспесең де орысша жазуға міндеттісің. Сонда Гребельная ханым қазақ тілін түсінбейтіні өз алдына, оны үйренуге де ниет танытпаса жағдай осылай созыла бермек пе?.. Мүмкін қарамағындағы көмекшісіне жедел аударту қиын іс шығар? Әлде, ел ішінде мемлекеттік тілдің дамуына, оның насихатталуына бірінші кезекте әкім жауапты екендігі қаперіне де кірмей ме?.. Осы тұста Шүлбідегі кез келген іс-құжаттарының мемлекеттік тілде де (тек ресми тілде ғана емес) орындалуын міндеттеуге қала әкімі Айбек Мүталапханұлының да салғырт қарағандығын аңғару қиын емес.
Сырт қарағанда жұмыс орындары да жетерлік, экономикалық жағдайы күйлі-қуатты көрінетін Шүлбінің «шиқаны шығып тұрған» мәселері осы. «Алаш айнасының»Астанадағы бюросына тұрғындар көкейіндегі жайға байланысты алаңдаушылығын білдірген азаматтың жанайқайын біз де елеусіз қалдыра алмадық.
Сәтжан Қасымжанұлы, Астана қаласы