ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов Астанада өткен Республикалық жастар Форумының пленарлық отырысына қатысып, еліміздегі үш тұғырлы тіл саясатына қатысты жауап берді.
И. Тасмағамбетов: Қазақ тілі – халықтың жаны
Вице-премьердің айтуынша, орыс тілі кешегі отаршылық заманнан бастап қанымызға сіңген тіл. Ол халқымызға әлемнің білім есігін ашқан тіл. Сондықтан, бұл бәрімізге түсінікті нәрсе. «Ал, ағылшын тілі бұл болашақтың тілі. Жалпы техника, технология, өркениеттен қалмаймыз десек, міндетті түрде ағылшын тілін білуіміз керек. Бұл тіпті шартты түрде білуіміз керек. Оны біреу түсінуі мүмкін, біреу түсінбеуі мүмкін. Бірақ жастар, сіздер шетте оқып келген жастар, басқа мемлекеттерде тіл мәселесі қалай дамыды, зерттеу жұмыстары, технологиялар, тағы басқамен танысып келген жастар оны білесіздер, түсінесіздер. Сіздер қолдайсыздар деп білемін», - деді Иманғали Тасмағамбетов үштұғырлы тіл саясатына қатысты жауабында.
Вице-премьер тіл саясатына келгенде өзекті болып отырған мәселе – ол ана тілінің дамуы жөнінде екенін айтты. Ол осынау 25 жылдың ішінде Елбасының тапсырмасы бойынша үкімет қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту үшін біршама жұмыстар атқарғандығын атады.
«Біріншіден, заң қабылданып, қажетті қаражат бөлінді. Мамандар дайындалды. Бүгінгі күні қарап отырсаңыздар, Парламенттегі жаппай жиындардың барлығы қазақ тілінде өтеді. Үкіметтің мәжілісі қазақ тілінде өтеді. Бірақ, бір нәрсе түсініксіз. Біз осы күнге дейін, қазақ тілі өзге емес, өзімізге керек екенін түсінбей келеміз. Жалпы қазақ тілі деген халықтың жаны. Бұдан артық айта алмайсың», - деп мәлімдеді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов.
И. Тасмағамбетов жиналған жастарға тіл мәселесі көтерілгенде Елбасының 25 жыл бойы айтып жүргені – ол ең алдымен «қазақтың қазақпен қазақша сөйлесуі» екенін айтты. «Міне мәселе осында. Біз өз тілімізді өзіміз құрметтесек, біз оған шын мәнінде жанашырлық білдірсек ғана тілдің болашағы болады. Тіл бар жерде қазақ бар. Тіл жоқ жерде қазақ жоқ. Сондықтан тіл мәселесіне келгенде бар сенетініміз – жастар, сіздер», - деп қадап айтты Иманғали Тасмағамбетов.
ТАСМАҒАМБЕТОВ: ҚАЗІР БІЛУГЕ ҚАЖЕТ ЖАҢА АҚПАРАТТЫҢ КӨЛЕМІ ЖЫЛЫНА 30 ПАЙЫЗҒА ӨЗГЕРЕДІ
Қазір білуге қажет жаңа ақпараттың көлемі жылына 30 пайызға өсіп, өзгеріп отырады. Бұл туралы бүгін, Астанада өтіп жатқан Жастар форумы аясында жастар алдында сөз сөйлеген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов айтты.
Вице-премьер жастарға табысқа жету үшін талапты болу аз, білімді болу керек екенін баса айтты. «Бүгінгі ілім-білім – бұл кешегі оқудан әлдеқайда бөлек дүние. Бір мектеп, бір университеттің шеңберінде емес, ағымы қатты ақпаратты заманның әр күнінде қажет ұлы құдірет. Мысалы, қазір білуге қажет жаңа ақпараттың көлемі жылына 30 пайызға өсіп отырады. Яғни, сіз университетті бітіремін дегенше ақпараттық кеңістік толығымен жаңаланып кетеді. Нәтижесінде, технология саласындағы күн сайын емес, сағат сайын болатын өзгерістерден бір сәтке кеш қалу – ізбе-із өкшелеп келе жатқан бәсекелеске орын беріп, артқа шегіну деген сөз», - деді И.Тасмағамбетов.
Бұл ретте, вице-премьер білім-ғылым саласы мемлекет назарынан еш уақытта тыс қалмағанын баса айтты. Оның куәсі ретінде вице-премьер Елордадағы «Назарбаев Университетін» атап, білім ордасын ең маңызды ұлттық жобалардың бірі деп мәлімдеді. «Қазірдің өзінде оның оқу ісін ұйымдастыруға әлемнің ең үздік университеттері ат салысып, халықаралық талапқа сай жаңа білім жүйесін қалыптастырып отыр. Болашақта еліміздің барлық жоғары оқу ордалары осы озық жүйеге өтетін болады», - деді Иманғали Тасмағамбетов.
Айта кетейік, Қазақстанда NEET санатындағы респонденттер арасында жүргізілген әлеуметтік зерттеулер нәтижесі бойынша жастардың 73,1 % өмірде жетістікке жету үшін жақсы білім алу керектігін айтса, 49,7% мансаптық өсім үшін жоғары квалификация мен кәсіби дайындық қажет екенін көрсетті.
ЖАҺАНДАНУДЫ «ТОҚТАТУҒА» ТАЛПЫНУ – ҚАРАҢҒЫЛЫҚ
Астанада өтіп жатқан Жастар форумы аясындағы жастармен кездесуінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов глобализация немесе жаһандану – бұл енді ешқашан да кері қайтпайтын әлемдік үрдіс деп атады. Оның айтуынша, оны «тоқтатамын» деп талпынудың өзі қараңғылық.
«Глобализация немесе жаһандану – бұл енді ешқашан да кері қайтпайтын әлемдік үрдіс. Оны «тоқтатамын» деп талпынудың өзі қараңғылық», - деп атап өтті Иманғали Тасмағамбетов.
«Өз атасының ұлы бола алмаған, адамзаттың да бірі бола алмайды» деген бабалар сөзін тілге тиек еткен вице-премьер жаһанданудың бізге берер мүмкіндігі қандай шексіз болса, заңы да сондай қатал екенін қадап айтты. Жаһандануға тек рухы биік, руханияты кең халықтарға ғана қарсы тұра алады. Бұл үшін мемлекет ел ертеңі – жастарға үлкен үміт артып отыр.
«Содан болар – оған тек ішкі рухымыздың беріктігімен, ұлттық тұғырымыздың мықтылығымен ғана қарсы тұруға болады. Ал ең қуатты, ең құнарлы, ең сауатты руханият тек жастарға ғана тән. Бұл қазіргідей сахналарды сауық-сайран, теледидарды атыс-ойран, ғаламторды күдік пен күмән жайлаған заманда арқа сүйер жалғыз үміт», - деді Тасмағамбетов жастарға қарата айтқан сөзінде.
Тасмағамбетов: табысты адам – ол үнемі жаңа білімге ұмтылатын адам
Форум қатысушыларының алдында сөз сөйлеген вице-премьер жастардың білім алуына, кәсіби, ғылыми және шығармашылық өсуіне жағдай жасау – қоғамды жаңғыртуға және алға ілгерілетуге салынған сенімді инвестиция екенін айтты. Елбасының тапсырмасымен бүгінде елімізде мемлекет пен жастардың өзара конструктивті сұхбаты үшін қолайлы жағдай жасалған. Бүгінгі кездесудің форматы билік пен жастар арасындағы тығыз ықпалдастықтың перспективаларын анықтауға, өзекті тақырыптарды талқылау мен өзара пікір алмасуға жақсы мүмкіндік береді.
Жастар форумы аясында 7 тақырыптық сұхбат алаңдары ұйымдастырылып, оның шеңберінде жастардың кәсіби өзін-өзі анықтауы, жас мамандарға әлеуметтік және құқықтық кепілдіктер беру мәселелері, жастардың ұлттық мәдениет пен дәстүрді сақтаудағы рөлі талқыланды.
«Осы аталған әрбір секция барысында қатысушылар бейресми түрде профильді министрлік басшыларымен кездесіп, қордаланған проблемаларға өз көзқарастарын білдірді. Ал, бұл деп отырғанымыз жастардың денсаулығы, білімнің бәсекеге қабілеттілігі, жастардың бизнес ортасының ерекшелігінен бастап дін саласындағы рухани мәселелерге дейінгі ауқымды сұрақтар кешені», - деді Иманғали Тасмағамбетов.
Пленарлық отырыс аясында «Қазақстан жастары – 2016» Ұлттық баяндамасының тұсауы кесілді. Форум делегаттары мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру барысымен танысты. Кездесуде жастар ұйымдарының көшбасшылары жаңа бастамалар көтеріп, мемлекеттік органдармен ынтымақтастық сұрақтарын талқылады.
Жастардың білім алу маңыздылығын айта келе, Иманғали Тасмағамбетов қазір озық білім алуға ұмтылатын заман екенін қадап айтты. Вице-премьер атап өткендей, оның мәні терең талпыныста жатыр. Егерде өз бойыңда білімге деген терең талпыныс болмаса, онда ең үздік білім беру жүйесі де, ең білікті мұғалім де жастарға ештеңе үйрете алмайды. «Міне, сондықтан елдің жарқын болашағы мен қазақстандықтардың сапалы білім арасындағы теңдік белгісі туралы айтқанда, Президент өздерің арқылы барлық жастарды тек жаңа білімді меңгеріп қана қоймай, оны Отан игілігі үшін қолдана білуге шақырды», - деп атап өтті вице-премьер.
Еске сала кетейік, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігімен ұйымдастырылған жастар Форумы бүгінгі жастарды алаңдататын түйінді проблемалардың шешу жолдарын іздеуге бағытталған. Жыл басынан бері барлық облыс орталықтарында, Астана мен Алматы қалаларында өңірлік жастар форумы өтіп, онда белсенді, шығармашыл, жұмысшы, жас ғалымдар, сондай-ақ, республикалық жастар ұйымдары мен азаматтық қоғам институттары өкілдерінен құралған делегаттар сайланды.
Әзірлеген: Досжан Мейірім