ҚР Инвестициалар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, соңғы бірнеше жылдың ішінде мемлекет тарапынан инновацияларды дамытуға бөлінген грнаттардың саны көп, бірақ іс жүзінде пайда берген жобалар некен-саяқ, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, бүгінде коммерциялық жағынан қызықты жобалар өте аз. Сол себепті соңғы 6-7 жылда мемлекет тарапынан бөлінген инновациялық гранттар көп болса да, коммерциялық табысқа жеткен жобалар санаулы ғана. Екіншіден, инновациялық жобаларды нақты тауарға айналдыра алатын ұйымдар тапшы. Сондықтан алдағы уақытта осы жұмысқа басымдық беріледі. Бүгінде елімізге жеткізілетін теxнологияларды жаңа деп айта алмаймыз. Оны да мойындауымыз қажет. Сол себепті біз озық теxнологиялар трансферті бойынша толыққанды тізбекті қамтамасыз етуді көздейміз. Яғни, оны сырттан әкелуден бастап нақты өндіріске енгізуге дейінгі жұмысты қадағалап отырамыз», - деді Ж.Қасымбек бүгін Астанада өткен XI Инновациялық форумда.
Министрдің айтуынша, теxнологиялар трансферті кезінде эксклюзивті жобалар іріктелетін болады. Ондай теxнология ТМД мен Орталық Азия бойынша жалғыз Қазақстанда ғана болуы шарт.
Айта кетейік, индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында инновацияларға ерекше басымдық беріледі. Аталған міндет Ә.Исекешевтің орнына келген Жеңіс Қасымбекке жүктеліп отыр.