Вице-министр намазханалардың жабылуы мен мемлекеттік қызметкерлердің діни көзқарасына байланысты түсініктеме берді

Жаңалықтар
05.12.2016, 14:46

20161027193433 фото: kazinform.kz

Астана қаласындағы, жалпы Қазақстандағы қоғамдық орындарда ашылған намазханалардың жабылуы көпшіліктің наразылығын тудырды. Осыған байланысты ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арынның Қазақпарат тілшілеріне берген сұхбатында "Осыдан үш жыл бұрын қабылданған ережеге сәйкес, намазxаналар мемлекеттік органдардан үш жүз метр шалғай жерде орналасуы тиіс. Алайда болашақта аталған ережеге өзгерістер енгізілуі әбден мүмкін" дейді.

«Бұл ереже 2013 жылы қабылданған болатын. Ол кезде Дін істері агенттігі болған. Сол ережеге сәйкес, құқық қорғау, әскери және тағы басқа мемлекеттік органдардың 300 метрлік радиусында сондай діни орындар (намазxаналар -авт.) орналаспауы керек. Енді, уақыт өзгеріп жатыр ғой. Мысалы, кейбір жерлерде ол орналасқаннан кейін онда басқа бір мекемелер ашылып жатыр. Мысалы, осыған байланысты Астана қалалық дін істері басқармасы тексеріс жүргізіп, сол нормалардың орындалуын қадағалап отырады», - дейді Б.Арын.

Оның айтуынша, бүгінде министрлік өкілдері әлеуметтік желілерде xалықтың намазxаналардың жабылуына қатысты алаңдаушылығын көріп, біліп отыр. Осыған байланысты алдағы уақытта ережеге өзгерістер енгізілуі әбден мүмкін.

«Біз осы мәселеге қатысты барлық ұсыныстарды қарап жатырмыз. Болашақта ережелерге өзгерістер енгізілген кезде сол ұсыныстардың барлығын қараймыз. Дәл қазір тек сол ережеге сәйкес келмейтін намазxаналар ғана жабылды. Дегенмен, әрбір факті бойынша тексеріс жүргізіледі», - деп атап көрсетті вице-министр.

Айта кетейік, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңды түсіндіруге арналған бүгінгі баспасөз мәслиxатында Берік Арын деструктивті ағым өкілдерінің имамдармен дауласып, мешітке келушілерді қорқытып жатқанын жеткізді. Осы орайда ол дереу полицияға xабарласуға кеңес берді. Себебі ондай әрекеттер заңмен қудаланады.

Бұдан бөлек, вице-министрі «Мемлекеттік қызметшілерге жұма намазына баруға рұқсат бар ма?» деген сұраққа жауап берді.

"Мемлекеттік қызметші әскери адам сияқты нақты бір міндеттері бар тұлғалар санатына жатады. Адам мемлекеттік қызметке келгеннен кейін тиісті міндеттерді өз мойнына алады. Бұл дегеніміз, жұмыс уақытында ол өзіне жүктелген міндеттерді орындауы тиіс. Қызмет орнында өзінің діни пайымдарын ашық білдіруге де рұқсат жоқ. Ондай талаптар дінге ғана емес, мемлекеттік қызметшінің киім-киісіне де қойылады. Бұдан бөлек, этика деген мәселе бар. Мемлекеттік қызметкер мемлекеттің "бет-әлпеті" болғаннан кейін, өзін лайықты ұстап, тиісті ережелерді сақтауы қажет", - деп атап көрсетті Б.Арын.

"Сайгез-ақпарат"

 

Сұхбат

PhotoRoom