Ақидаң Аһли-сүннә сауап десіп.
Жайнамазда жолыққан жігіттер ек,
Бір тәулікте бес рет «қамат» десіп.
Кері қарай жүретін болдың қазір,
Асығыс мәселеңді ағат шешіп.
Жаз бойы Астанаға келмеп едің,
Туғанды ер туған жерде қалад десіп.
Арқар ауған аязда ауысыпсың,
Ақмешіттен Арқаға қар ап көшіп.
Аяқ асты аязға ұрынған соң,
Жүрмісің жыртық пенен жамап тесік?
Отқа жағып жылынған секілдісің,
Шалбарыңның балағын шолақ кесіп.
Аузыңды үсік шалып кетпесін деп,
Шығыпты-ау сақалың да заматта өсіп.
Ханафи екеніңді білмейтіндер
Шатасатын болды ғой сәләф десіп.
Бұл сақал болмаса да жігітке айып,
Талайлар жүр ісінен шығып тайып.
Қазір ел сақалдыдан шошып жүр ғой,
Десек те көңіліңізді суытпайық.
Қарсыластың келбетін көргеннен соң
Кеудемде бара жатыр күдік байып.
Кеше ғана қаланы қан қақсатқан
Қылмыскердің суретін сұрыптайық.
Әй, бала, бері қарашы, қатты ұқсайсың,
Кәллективің емес пе Күлікбаев?
Мынаны бұл айтысқа қалай қосқан?
Тізімді қарап жүр ед Қырықбаев.
Атыстың маңайында жүргендерді
Айтыстың маңайына жуытпайық.
Шыққан соң жақсылап тексерейік,
Кетпесін бір таксиге мініп тайып.
Мұхамеджан аға, балл берер кезде
Дәстүрлі дінімізді ұлықтайық.
Қазақия елінің ұстанымы
Ханафи екендігін ұмытпайық!