Сенат Жер заңнамасына ұсынылған өзгерістер мен толықтыруларды мақұлдады. Бұл туралы ҚР АШМ баспасөз қызметі хабарлайды.
Бүгін ҚР премьер-министрінің орынбасары - ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов ҚР Парламент Сенатының пленарлық отырысында "Қазақстан Республикасы Жер кодексінің жекелеген нормаларының қолданысын және "Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының қолданысқа енгізілуін тоқтата тұру туралы" Заң жобасын таныстырды.
"Аталған Заң жобасын Ауыл шаруашылығы министрлігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы 18 тамыздағы Жарлығын орындау үшін әзірледі", - деді вице-премьер.
Заң жобасының негізгі мақсаты - ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, сондай-ақ жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі 50 пайыздан асатын заңды тұлғаларға жалға және қазақстандықтарға жеке меншікке беруге байланысты Жер кодексінің және "Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының нормаларына жарияланған мораторий мерзімін 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзарту болып табылады.
Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы жерлерінің сапалы жағдайы, олардың пайдаланылуы, меншік иелелері мен жер пайдаланушылар туралы мәліметтер базасын құруға бағытталған ревизия және топырақтық, геоботаникалық зерттеу, оның кадастрлық құнын анықтауды қамтитын жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр. "Өз кезегінде, бұл мәліметтер ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануды жоспарлау мен бақылауға негіз болып табылады. Бұл жұмыстарды жүргізу қосымша уақытты талап етеді", - деп атап өтті Асқар Мырзахметов.
Сондай-ақ, заң жобасы мемлекет меншігіндегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді беруге байланысты мәселелерді заңнамалық тұрғыда реттейді.
Айта кетейік, мораторий нормалары ауыл шаруашылығы мақсатына берілген жерлердің барлығына қатысты. Яғни, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер болғандықтан, тек қана қазақстандықтарға жалға беріледі, жеке меншікке берілмейді.
"Сайгез-ақпарат"