Жұма күні Франция мемлекеттік кеңесі Мұхтар Әблязовті экстрадициялау туралы үкімнің күшін жойғаны туралы шешімін жариялады. Мемлекеттік кеңес бұл шешімді БҰҰ-ның азаптау істерін тексеру жөніндегі арнайы уәкілі Нильс Мельцер Франция билігін қамауда отырған Мұхтар Әблязовті Ресейге экстрадицияламауға шақырғаннан кейін қабылдаған. Мельцер мәлімдемесінде: «Франция қандай да бір адамды азаптауға ұшырау мүмкіндігі жоғары елге беріп жібермеуі тиіс» деген.
Бұған дейін Франция соты Мұхтар Әблязовті Ресейге экстрадициялау туралы шешім шығарып, Франция премьер-министрі Мануэль Вальс тиісті жарлыққа былтыр қыркүйектің 17-і қол қойған еді. Әблязовтің адвокаттары ол шешімнің үстінен Франция мемлекеттік кеңесіне шағымданған.
Қазақстандық «БТА банктің» бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов 2013 жылдың жазынан бері Францияның оңтүстігінде Украина мен Ресейдің қаржылық алаяқтық туралы айыптауы негізінде қамауда отырды. Ресей мен Украина Франциядан оны қайтаруды сұраған. Қазақстан билігі Әблязовті «банктің 6 миллиард қаржысын жымқырды» деп айыптап, іздеу жариялаған.
Мұхтар Әблязов бұл айыптауларды жоққа шығарып, өзінің «президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси бәсекелесі ретінде» қуғынға ұшырағанын мәлімдеп келеді. Қазақстан азаматтарын экстрадициялау туралы Астана мен Париждің арасында келісім жоқ.