Қытайдың бағдарламасы бізге қауіп пе?

Сараптама
15.08.2014, 11:54

Кешелі бері көршілес Қытай Халық Республикасы бұдан былай «Суық су» бағдарламасы аясында одан әрі тереңдеп, бағдарламаны арнайы бағыт-бағытқа бөліп жұмыс істейтіндіктерін мәлім етті. Бұл туралы Қытай елінің төрағасы Си Цзиньпин өкіметіне арнайы тапсырмалар беріп, ауызсу мәселесіне келешекте айрықша мән берілетінін қадап айтты. Ал бұл ретте Алаш айнасына пікір білдірген отандық мамандарымыздың біразы «Қытайдың «Суық су» бағдарламасы бізді ойлантуы тиіс» деп отыр. Ендеше талқылап көрелік...

Ертістің суы неге азайды? 

Жалпы, ауызсу мәселесін сөз еткенде біз алдымен Қазақ елінің көршілес елдермен қарым-қатынасына айрықша мән бергеніміз абзал. Айталық, еліміздің Орал өңіріне су көзі Ресейден келсе, Арал өңіріне тек Сырдариядан ғана енеді. Бізге қазір бұл мәселеде өзбектердің қас-қабағын бағуға тура келіп тұр. Бүгінде Ертістің суы да тым азайып кетті. Бұған қатысты мамандар «оның себебі Қытай елі қазірде «Суық су» бағдарламасы бойынша жұмыс істеуде. Осы бағдарламаны одан әрі тереңдету арқылы Қытай өкіметі халқын жаппай таза сумен қамтамасыз етуді көздеп отыр. Олардың халық саны ірі мөлшерде болғандықтан, Қытайда егін шаруашылығы, түрлі өндіріс орындары көбейе түсетіні мәлім. Демек, бұл үрдіс болашақта Ертіс суының одан әрі азая түсетінін көрсетеді. Сондықтан Қытайдың «Суық су» бағдарламасын тереңдеуінен, оны толықтыруынан біз қауіптенуіміз керек» дейді.

Ғазиза Түсіпбаева, гидрогеолог маман:

- Елімізде су мәселесін шешу үшін жерасты суларының көздерін тауып, оны тиімді игерудің жолдарын қарастыру қажет. Бұл мәселеде әрине ғалымдардың зерттеулеріне де назар аудару керек. Мысалы, еліміздің Гидрогеология және геоэкология институтының ғалымдары 2009 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданындағы су тапшылығын ескере отырып, бір үлкен істі зерттеуге кірісіп кетті. Зерттеулердің нәтижесінде Қызылорда облысында 420-450 метрлік тереңдікте жерасты сулары бар екеніне ғалымдар көз жеткізді. Аталмыш зерттеу жұмыстары еліміз бойынша тұңғыш рет жасалып тұр. Білесіз, бұған дейін Қызылорда облысы Сырдың суын ішіп отырды. Ал Сырдың суының лас екені, оның бүкіл Азиялық аумақты аралап барып Қызылордаға енетіні бізге белгілі. Ол судың ішінде қоқыс қалдықтары да, бактериялық заттар да бар екені белгілі. Бір ауыз сөзбен айтқанда бұл адамның ағзасына орасан зиян келтіретін улы су. Халық су орнына у ішіп отыр. Сол тәрізді қазірде Ертістің халық тұтынатын тұщы су қоры да күрт азайған. Қазақстан және Ресей мемлекеттері трансшекаралық өзендерді қорғап, пайдалану жөніндегі Хельсинки конвенциясын мойындап, қол қоюды Қытайдан өтініп, әртүрлі деңгейде келіссөздер жүргізгенмен, Қытай осы уақытқа дейін келісе қойған жоқ. Ал біздің білетініміз, нарықтық түрлі қатынастар орнаған жағдайда Ертістің еңсесін көтеру қиын болады. Көршілес елдермен жағдай ушықпасын. Оның бетін әрі қылсын. Егер мұндай жағдай болса бізге Ертістің суын тұтыну қиын болады. Сондықтан бізге ауызсу мәселесіне қатысты бейқамдықтан арылып, трансшекаралық аймақтардағы өзендер мәселесін бақылауды қолға алған абзал. Ғылыми жаңалықтарға мән беріп, жер асты суларын сауатты пайлануға бейімделгеніміз жөн. Ғалымдардың зерттеулері «су шықпайды» деген елді мекеннің өзін сумен қамтамасыз етуге болатынын дәлелдеп отыр. Сондықтан өз басым «қандайда бір реформалық бағдарламаға ғалымдардың ұсыныс-тілектері енгізілуі керек» деп ойлаймын. 

Қытай су рудаларынан пайда табу үшін барын салуда

Негізінен, байыптасақ, біраз ел су мәселесі оның ішінде халықты ауызсумен қамту жайын оңтайлы жолға қойып алған. Тіптен қазір Қытай елі судан сирек кездесетін металдар алуда әлемдік беделге ие болып отыр. Ғалымдарымыздың пайымдауынша Қытай болашақта да осы су рудаларын алу үшін барын салып, жан-жағындағы өзендерге көзін тіге бастайды. Бұл ретте мамандар «Бізде Батыс Қазақстан облысы және Шығыс Қазақстан облысы бойынша өзен суларының ішінде кездесетін сирек металдар тіптен құнды. Мұндай сирек кездесетін металдарды әлемдік тұрғыда «судан алынатын рудалар» дейді. Әлемдік нарықта судан алынатын сирек кездесетін металдардың бағасы мұнай мен алтыннан да қымбат. Өкініштісі, біз осы мүмкіндікті пайдалана алмай отырмыз. Ал Қытай мұны сәтті пайдаланып отыр» дейді ғалымдар.

Дәурен Арын, «Баромет» экономикалық маркетингтік зерттеулер орталығының маманы: 

- Көршілес Қытай елі судан рудалар алып, одан соншалықты пайдаға кенеліп жатыр. Өзге елдердің де ауыз су бағдарламалары өте тұшымды. Ал бізде тіпті халық суын тұтынатын өзендердің экологиялық қауіпсіздігін сақтауға деген тұщымды көзқарас жоқ. Мысалы, өткен жылы Өскеменде Ертіс астымен өтетін бір дюкер (қоқыс, лас су ағатын құбыр) жарылып, Ертіске орасан зиян келді. Қазірде мәлімет бойынша Ертіс өзеніне 3 тонна мыс, 2 тонна кадмий, бірнеше тонна жез, тағы басқа зиянды қалдықтар сіңіпті. Бір ғана Ертіс емес, халық тұтынып отырған Сырдың суы да сын көтермейді. Аралдың суының құрамында йод ресурсы тұнып тұрғанын, біз бұл мүмкіндікті де құр жіберіп алып отырғанымызды отандық ғалымдар бірнеше рет ашып айтты. Өзге елдер жер асты суын үңгіп алып, жоқтан бар жасап пайдаға батып отыр. Көрші елдердің суға қатаң бақылау орната бастауы, су ресурстарын үнемдеуі бізді ойлантуы тиіс. Олардың мұндай мақсатты істерге жұмсайтын қаржысы да бізбен салыстырғанда анағұрлым жоғары емес. Ал бізде керісінше, қазынадан қомақты қаржыны бөлінгенімен шешілмеген мәселелер жетіп-артылады.

Қытайда бар бағдарлама бізде де бар, бірақ... 

Пайымдап көрсек, бізде халықты таза өзен сулары және жер асты сулары арқылы ауызсумен қамтамасыз ету бағдарламасы 2002 жылдан бастап қолға алына бастаған. Естеріңізде болар, еліміз 2002 жылы «Ауыз су» бағдарламасын қабылдап, ол 2010 жылы межесіне жеткен болатын. Мамандардың пайымдауынша, сол сегіз жылға созылған бағдарламаны көңілдегідей орындау үшін бюджеттен 335 миллиард теңге бөлінген. Бұдан соң 2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасын қабылдадық. Бұл бағдарлама қабылданған тұста «енді тығырықтан шығатын күн алыс емес» деп үміттендік. Есептесек, 2020 жылға дейін жұртты таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін үкімет бюджеттен жыл сайын 90 млрд теңгеден астам қаражат бөлуді көздеуде. Ол қаржының 60 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 30 млрд теңгесі жергілікті бюджеттерден бөлінеді деп топшылануда. Алайда 2020 жылға қарай ауылды елді-мекендердің 80 пайызын, қалалық жерлердің 100 пайызын таза сумен қамтамасыз етуге тиіс бұл жобаларға да күмәнмен қарайтындар да баршылық.

Қалай десек те өзге елде бар бағдарламалар легі бізде де баршылық. Тіпті мамандар айтқандай, олардың мұндай бағдарламаларға бөлетін мемлекеттік қаржысы да тым аз. Ал бізде бөлінер қаржы қомақты, бірақ нәтиже көрінбей жатады. Бұл ретте сарапшылар «қаржы бөлініп, арнайы бағдарлама қабылданып жатқаннан кейін оның атқарылу нәтижесіне бақылауды күшейту қажет. Олай етпесек, бөлінген қаржы «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кете берері анық. Осыдан барып күні ертең елде судың сұрауы тым артып, ауызсу дағдарысы тым артып кетпесіне ешкім кепілдік бере алмайды» деп отыр...

Автор: Қарлығаш Зарыққанқызы

Сұхбат

PhotoRoom