Жезқазғанда алтын кен орны іске қосылды

Жаңалықтар
12.12.2016, 21:47

1Жезқазғанның іргесінде жаңа кен орны ашылып, алтын кенін шоғырлы сілтісіздендіру құрылғылар кешені мен құрамында алтын кені бар рудаларды өңдеуге арналған өндірістік модуль іске қосылды. Енді Жезқазғаннан небары 140 шақырым жердегі Жалтырбұлақ кен орнынан қазылған алтын кені заманға сай күрделі технологиямен шайылып, Шығыс Қазақстандағы алтын қорытпа зауытына жөнелтіледі. Онда Жезқазған кенінен Доре қорытпасы алынып, нарыққа жол тартады.

Жалтырбұлақтағы кен орнындағы жаңа құрылғыны іске қосуға арналған салтанатты шараға Жезқазған қаласының әкімі Батырлан Ахметов, «Жалтырбұлақ» АҚ-ы филиалының директоры Сергей Верпата, филиал директорының орынбасары Максим Аблин қатысты.

- Құрметті жерлестер, қадірді жезқазғандықтар! Сіздерді ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Тәуелсіздік жылдарында елімізде көптеген инновациялық-индустриялық жобалар жүзеге асып жатыр. Мерейтой қарсаңында өтіп жатқан «25 жұлдызды күн» акциясы аясында өңірімізде тағы бір қуанышты оқиғаға куә болып отырмыз. Жаңа өндіріс нысаны іске қосылғалы тұр. Мұнда 150-ден астам адамға жаңа жұмыс орны ашылады. Мұнда еңбеккерлерге қажетті барлық жағдай жасалып отыр. Жаңа кәсіпорынның осы кен орнының төңірегіндегі ауыл тұрғындарына да берері мол, - деді нысанның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Батырлан Ахметов.

Сарыкеңгір ауылдық округына қарасты аумақтағы кен орнында құрылыс жұмыстары былтыр басталған. Алтын кенін шаю және өңдеу өндірісінің құрылысына бас-аяғы 3,4 миллиард теңге жұмсалса, оның 2,4 миллиард теңгесі компанияның өз қаражаты көрінеді. Жобаның толық қуатына сай мұнда жылына 500 мың тоннадан 1 миллион тоннаға дейін руда өңделмек. Кәсіпорынның ақырғы өнімі Доре қорытпасының басты сатып алушысы – Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі.

Доре қорытпасының құрамындағы алтынның үлесі әдетте 70 проценттен кем болмайды. Алтын кен орындарынан алынған қорытпа ары қарай тазарту заводына жөнелтіледі. Онда қорытпа балқытылып тазартылған, сынамасы қойылған әлемдік стандарттарға сай алтын құймасы түрінде сатылымға шығарылады.

- Кәсіпорын толық қуатына сай іске қосылғанда 150 адам жұмыс істейтін болады. Болашақта өндіріс көлемін арттыру жоспарда бар. Келер жылы нарықтағы сұраныс, экономикалық жағдай ойдағыдай болса, біз осы жерде Доре қорытпасын құятын жаңа зауыттың құрылыс жобасын әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Онда біз осы жерде алтын кенін өңдеуші толық циклды іске қосатын боламыз, - дейді «Жалтырбұлақ» АҚ филиалының директоры Сергей Верпата.

Кәсіпорын басшысы қажетті өндіріс құралдары мен құрылғыларын толықтай отандық өндірушілерден алатындарын, жұмысшылардың да Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласының тұрғындары екенін айтады. Сондай-ақ, компания кен өңдеу орнында жұмысшыларға арналған жатақхана тұрғызып, оны қажетті құралдармен жабдықтаған. Екі, үш, төрт кісілік жатақхана бөлмелері қазандық арқылы жылытылады, электр тоғы, интернет жүйесі мен телефон желісі тартылған. Үлкен асхана да жұмыс істеп тұр. Өндіріс орнының жұмысшылары қазір ең төменгі жалақылары 80 мың, ал, ең жоғары жалақы көлемі 250 мың теңгеден асатынын, вахталық жүйемен жұмыс істейтіндіктен цехтарда, жұмысшы қалашығында барлық тұрмыстық, санитарлық жағдайлардың қарастырылғанын айтады.

"Сайгез-ақпарат"

Сұхбат

PhotoRoom