Партиядағы Құл-Мұхаммед

Тұлға
13.12.2016, 11:48

112 желтоқсан - "Нұр Отан" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің туған күні. Мұхтар Абрарұлы бірінші кезекте қаламы қарымды журналист ретінде танылған адам. Сосын өз мамандығы бойынша баспа ісін қолға алып, қазақтілді журналистердің арасында кәсіпке бет қойған алғашқылардың бірі болды. «Атамұра» корпорациясы баспагерлік салада табысты жұмыс істеп, Абрарұлы айтыстың дамуына үлкен үлес қосты. Сол арқылы абырой жинап, құрметке бөленді. Содан бастап Құл-Мұхаммед үлкен қызметке келді.

Қысқаша өмірбаяны:

√ ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Сенаттың Заң шығарушылық және сот-құқықтық реформалар жөніндегі комитет хатшысы, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы (Астана, 1999–2001).

√  2001 жылғы 31 мамырда Жоғарғы аттестациялық комитеттің шешімімен құқықтану мамандығы бойынша профессор ғылыми атағы берілді.

√  ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі (Астана, 2001–2003).

√  ҚР Президентінің кеңесшісі, Баспасөз хатшысы (Астана, 2003–2006).

√  ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары – Президенттің Баспасөз хатшысы, (Астана, 2006-2007).

√ Қызылорда облысының әкімі. Бұған қосымша 2008 жылдың наурызында ҚР Президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнайы өкілі болып тағайындалды (Қызылорда, 2007–2008).

√  ҚР Мәдениет және ақпарат министрі (Астана, 2008–2010).

√  ҚР Мәдениет министрі (Астана, 2010-2012).

√  ҚР Мемлекеттік хатшысы (Астана, 2012-2013).

√  ҚР Мәдениет және ақпарат министрі (Астана, 2013-2014).

√ 2014 жылы 13 наурызда Қазақстан Республикасының Президентінің кеңесшісі болып тағайындалды.

√ 2015 жылғы Президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық штабтың (РҚШ) жетекшісі болды.

√  Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі (Астана, 2014-2016).

√  2016 жылғы 6 мамырда «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары болып тағайындалды.

2Мұхтар Абрарұлының бұған дейінгі атқарған қызметтерін аттап өтіп, «Нұр Отандағы» жұмысына тоқталайық. Партия төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалғанына да 8 ай толыпты. Бұл қызметте оған дейін отырған Асқар Мырзахметов 8 ай ішінде сайлау өткізіп, партия мүшелерінің қатарын миллионға жеткізіп кеткен еді. Құл-Мұхаммед әзірге мұндай саяси науқан өткізген жоқ. Өткізген күнде де оған тәжірибесі мен біліктілігі жететініе күмән жоқ. Өйткені, соңғы Президент сайлауында басты кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауалды штабын басқарып, абыроймен өткізді. Тіпті, кейбір сарапшылар сол кезде-ақ Бауыржан Байбектің «Нұр Отандағы» орнын Құл-Мұхаммед басады деп топшылаған-тын.

Асқар Мырзахметов Ауыл шаруашылығы министрі болып, Құл-Мұхаммед партияға келгенде, екеуі де өз орнын тапты десті жұрт. Өйткені, Мырзахметов сөзден гөрі істің, жалындап сөйлеудің орнына жұмылып шаруа бітіргенді жөн көретін адам. Ал, партияда жүрген соң жарқырап жүру керек, жалындатып сөйлеу керек, партия төрағасының жақсылығын асырып, беделіне бедел қосу керек. Бұл Құл-Мұхаммедтің оң жамбасына келетін жұмыс.

Мұхтар Абрарұлы партияға келген соң алғашқы сапарын Ақтөбеге жасады. Сол сәтте Ақтөбеде белгісіз адамдар екі қару-жарақ дүкенін тонап, әскери бөлімге шабуыл жасады. Шабуыл мен атыстан барлығы 19 адам мерт болған. Құл-Мұхаммед облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен қару-жарақ дүкеніне шабуылдан мерт болған тұрғын Николай Онищенконың отбасына көңіл айтып шықты. "Қазір біз қару-жарақ дүкендері туралы заңға өзгерістер енгізуді қарастырып жатырмыз. Дүкендерді бір қалада ғана емес, бүкіл елде жабу керек" деп жұбату айтам деп, асырып айтқан кезі де болды. Себебі, көптеген мамандар партия төрағасының бірінші орынбасарының бұл сөзі ойланбастан айтыла салған пікір деп тұспалдады. Нәтижесі көрсеткендей, елімізде бірде-бір қару-жарақ дүкендері жабылған жоқ, заңға өзгерістер енгізілу жайлы әзірге ақпарат оқымадық.

3Абрарұлы партияға келгенде қоғамда Жер дауы сейілмей тұрған сәт еді. Осыған байланысты Астанада Демократиялық күштердің "Қазақстан-2050" жалпыұлттық коалициясын өткізіп, көптен бері ұмыт қалған шараны қайта жандандырды. Жер реформасы мәселесіне арналған жиынды Мұхтар Құл-Мұхаммед өзі жүргізіп, саяси партия өкілдерін, бизнесмендер мен аграрлық сала өкілдерін Астана төріне жинады. Қоғамда дау тудырған жер мәселесін «митингілер арқылы емес, диалогпен шешілетінін» жеткізді. Одан кейін Алматыда зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, дәл осы жер мәселесіне байланысты кеңесті. Алайда, бұл кеңесте көпшілік жер мәселесі туралы емес, Абрарұлымен ере барған Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің реформасы туралы сөз етіп кетті.

М.Құл-Мұхаммед Жер мәселесіне байланысты ілкімді жұмыс атқара алмаса да, елдегі діни тартысқа байланысты өктем-өктем, батыл сөйлеген аз адамдардың бірі болды. Мәселен, Ақтөбе оқиғасынан кейін Маңғыстауға іс сапармен барып «Батыстағы  ең   қасиетті әулие  Бекет ата. Біз Бекет атадан әулие жасап жүрген жоқпыз. Ол  бүкіл  өмірін  дін  жолына  арнады. Бекет атаға сыйыну Аллаға серік қосу емес, қайта Алланың сөзін, ілімін қасиетті атамыз жеткізеді. Сөздің күшімен иландыру – имамдардың  ісі.  Қазіргі  кезде  имамдарға көп жауапкершілік жүктеліп отыр. Үгіт-насихат жүргізу керек.  Ең қасиетті  кітап қолдарыңызда,  уахабистермен   тайталаса  пікірталасыңыздар. Оларды біліммен, ақылмен тәрбиелеу керек. Көрген сайын сәлемдесу арқылы бейбітшілік тілейтін мұсылмандар бір-біріне қалайша  оқ  атады? - деді сонда. Партия төрағасы бірінші орынбасарының бұл сөзін дәстүрге берік, діннің шырмауына түспеген халық қолдады. Ал, «діндегі ең үлкен күнә Аллаға серік қосу» деп топшылайтын бір топ жамағат «Құл-Мұхаммед бас мүфти болып кеткеннен сау ма?» деген пікір айтты.

Құл-Мұхаммед партияға құрылымдық өзгеріс жасады. Бауыржан Байбектің партия жанынан ашқан Саясат институты Саяси талдау және cтратегиялық зерттеулер орталығы болып өзгерді. Әзірге бұл өзгерістің нақты қандай нәтиже алып келгені белгісіз. Құл-Мұхаммед бұл өзгерісті Президенттің тапсырмасы деп түсіндірді.

5ac2f2c2a0bd09186f5b0c10f70e4428Мұхтар Абрарұлы ағымдағы жұмыстардың басы-қасында жүрсе де, бәріне үлгеруге тырысады. Азаматтарды қабылдау, «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуын қадағалау, бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жетілдіру... Осындай қарбалас жұмыстардың арасында уақыт тауып, көлемді мақалалар жазып та үлгереді. «Ел мен Елбасы» атты Президент туралы көлемді мақаласы «Егемен Қазақстан» газетіне, әкесі Абрар туралы «Асылзада» атты эссесі «Қазақ әдебиеті» басылымында жарық көрді.

Жақында Мұхтар Құл-Мұхаммед «Қазақстан-2050» Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының отырысын өткізді. Бұл отырыс негізінен елдегі аса ауқымды, маңызды сәттерде өтуі тиіс болатын. Тақырып «Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының азаматтық қоғамды нығайтудағы рөлі» болғанмен, негізгі басымдықты Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтановтың бастамасымен көтерілген «Астана атауын Елбасының атымен атау» туралы ұсынысын қолдауға берілді. Нәтижесі көрсеткендей, бұл ұсынысты Елбасы мақұлдамай, ұсыныс берушілер мен оны аттандап қолдаушылардың ісі адам күлкісін туғызатындай қоғамда «ұятты» жағдай туғызды.

Айтпақшы, жақында «Нұр Отан» партиясы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тарту жасап, 1991 жылы дүниеге келген Тәуелсіздікпен түйдей құрдас дарында 25 жасты партия мүшелігіне өткізді. Әзірге осы....

Партиялар – демократиялық һәм азаматтық қоғам қалыптастыруда маңызы зор институт. Жақында «Демократия декорациясы: партиялар неге белсенді емес?» атты мақала жарияланып, сонда кейбір сарапшылардың пікірінше, партиялардың белсенді болмауына халықтың өзі де кінәлі десе, кейбірі «көп адам демократиялық елде партияның қандай функциясы бар екенін білмейді» дегенді айтқан. Ендігі ретте Құл-Мұхаммедтің алдындағы негізі міндет "Нұр Отанды" нағыз халықтық партияға айналдырып, қоғамдағы беделін арттыру.

Досжан МЕЙІРІМ

Сұхбат

PhotoRoom