Рахат Әлиевтің "жұмбақ өлімі" қайта тексеріліп жатыр

Жаңалықтар
13.12.2016, 12:49

1%d2%93Неміс сарапшысы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев "кісі қолынан қаза тапқан" деп мәлімдеді. Бұған дейін "Рахат Әлиев түрмеде өзі асылып қалған" деген ақпарат тараған еді.

Австриялық ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұл туралы 12 желтоқсанда Венада өткен баспасөз конференциясында неміс профессоры, буындыру және асып өлтіру істері бойынша маман Бернд Бринкманн мәлімдеді. Ол ресми сот-медициналық сараптамасының "Әлиев өзі асылып өлді" деген тұжырымын қате деп атады. Бринкманн Әлиевтің мәйітіне жасалған паталогоанатомиялық зерттеулерден соң марқұмды денесінде зорлық іздері аса білінбейтіндей етіп буындырып өлтірген деген қорытынды жасағанын айтты.

Рахат Әлиевтің адвокаттары оқиғаны қайта тексеруге шағым бергелі жатқандарын мәлімдеді.

Бернд Бринкман - кісі өлімдерін зерттейтін германиялық сарапшы. 2014 жылы наурыз айында "кісі қолынан қаза тапты" деген ресейлік олигарх Борис Березовскийдің өлімін зерттеген. 2014 жылы наурыздың 27-сі күні Ұлыбританияда Березовскийдің өлімі оқиғасы бойынша өткен сотта сараптама қорытындысын оқыған ол "Березовский өзіне қол жұмсамаған, оны артынан келіп қылқындырып, мұнан соң белгісіз екі адам ванна бөлмесіне буындырып кеткен" деп мәлімдеген еді. Оның бұл қорытындысынан кейін британиялық судья Березовский "өзіне қол салды" деген болжамға сенімсіздік білдіріп, түпкілікті шешім қабылдауды кейінге қалдырған.

40 ЖЫЛҒА СЫРТТАЙ СОТТАУ

Бір кездері Қазақстанның Австриядағы елшісі, Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары болған, кейіннен Австрия түрмесінен мәйіті табылған Рахат Әлиев 10-нан аса жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаевты сынап шыққан еді. Қазақстан билігі 2007 жылы көктемде алматылық «Нұрбанк» топ-менеджерлерін ұрлаған деген айыппен Венада Қазақстанның Австриядағы елшісі қызметінде жүрген Рахат Әлиевтің үстінен сырттай қылмыстық іс қозғап, оны тұтқындауға санкция берді. Арада бір ай өткенде баспасөз құралдары Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің сырттай ажырасқаны туралы ақпарат таратты.

"Екі банкирді өлтіруге тапсырыс берді" деген айыпты Рахат Әлиев мойындамай, биліктің өзін қуғындау себебінің "саяси астары бар" деп мәлімдеген.

Вена түрмесінде 2014 жылдың маусымынан бері қамауда отырған Әлиевке Австрия прокуратурасы да «Нұрбанктің» екі топ-менеджері - Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің өліміне қатысы бар деп айып таққан. Ал Қазақстан билігі оны «екі адамды ұрлап әкетіп өлтірді әрі мемлекеттік төңкеріс әзірледі» деген айыппен сырттай 40 жылға соттады.

АЛТЫНБЕК СӘРСЕНБАЙҰЛЫ ӨЛІМІНЕ ҚАТЫСТЫ АЙЫПТАУ

2013 жылы желтоқсанның 20-сы күні Қазақстанның бас прокуратурасы "Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге шын мәнінде Рахат Әлиев тапсырыс берген" деп мәлімдеді. Ал 2014 жылы қарашада Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған соты оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне байланысты сотталған Ержан Өтембаевты (сенат аппаратының бұрынғы жетекшісі) түрмеден шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға шешім шығарды. 20 жылға сотталған Өтембаев сегіз жылдай уақыт түрмеде отырып шықты.

Ал Әлиев жұртты дүрліктірген «Өкіл қайын ата» кітабында Алтынбек Сәрсенбайұлын қастандықпен өлтіруге тапсырыс берген адамдарды елдің жоғарғы басшылығы арасынан іздеу керек деп жазған болатын.

Рахат Әлиев 2014 жылы Австрия билігіне өз еркімен берілгенін мәлімдеген еді. «Сотта көптеген компромат жариялаймын, оның ішінде Қазақстан президенті режимін қолдайтын Батыс елдері басшыларын да әшкерелеймін» деп сес көрсеткен Рахат Әлиев Венадағы сотқа жетпей көз жұмды.

2015 жылы ақпанның 24-і күні Вена түрмесіндегі біркісілік камераның санитарлық торабынан соңғы тоғыз жылда қуғында болған Әлиев өлі күйінде табылған. Түрме әкімшілігі 52 жастағы Әлиев «өз-өзіне қол салған» деп мәлімдеген болатын. Австрия прокуратурасының хабарлауынша, сараптама нәтижесінде оның қанынан Австрия территориясында пайдалануға тыйым салынған ұйықтататын дәрі - барбитурат табылған.

Рахат Әлиевтің қазасына қатысты істі қараған судья Мария Шергубель «өз-өзіне қол салған деген болжамды жоққа шығаратын ешқандай дәлел жоқ болғандықтан, іс жабылады» деп мәлімдеген еді. Бірақ Әлиевтің веналық адвокаттары оның қазасына қатысты жайттарды жан-жақты әрі мұқият тексеруді талап ететіндерін хабарлаған. Олар токсикологиялық және формокологиялық тестердің нәтижесіне «толық емес» деп күмәнданатындарын айтқан болатын.

Мақаланың дереккөзі: Азаттық

Сұхбат

PhotoRoom