Конституция күні Астанада өтетін шаралар

Жаңалықтар
20.08.2014, 13:30

Астанада Қазақстан Республикасы Конституциясының 19 жылдығына орай 50-ден астам шара өткізіледі, деп хабарланған шаһар әкімдігінің ресми сайтында. 

28 тамызда «Думан» қонақ үйінде «Конституция - қоғам мен мемлекеттің дамуының стратегиялық негізі» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтеді. Сонымен қатар Конгресс-холл сарайында көпшілік назарына мерекелік концерт ұсынылады.

29 тамызда Бейбітшілік және Келісім сарайында мемлекеттік мерекеге арналған салтанатты жиналыс пен концерт ұйымдастырылады. 30 тамызда Орталық алаңда қала тұрғындары мен қонақтарына арналған мерекелік концерт қойылады.

Елордалық білім мекемелері, мұражайлар мен кітапханаларда да мерекелік іс-шаралар, атап айтқанда, экскурсиялар, дөңгелек үстелдер, тақырыптық кештер ұйымдастырылады.

Қалалық балалар кітапханалары кішкентай астаналықтарға арналған танымдық тақырыптық кештер өткізеді. Экспозицияларда Ата Заңымыздан үзінділер келтіріліп, сондай-ақ еліміздің мемлекеттік нышандары туралы жазылған иллюстрациялы журналдар қойылады.

Халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына бағытталған іс-шаралар да қолға алынады. Зейнеткерлерге 3 мың теңге көлемінде бір реттік ақшалай көмек көрсетіледі. Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық мекемеде «Наз» би театрының қайырымдылық концерті өтеді.

Ал 29-30 тамызда сауда орталықтарында мерекелік жеңілдіктер жасалады.

Конституция күні кәмелетке толған елордалықтардың да жадында қалмақ. Дәстүр бойынша оларға салтанатты жағдайда Қазақстан азаматының жеке куәлігі табысталады.

Мереке күндері елорда тұрғындары мен қонақтары үшін жастар акциялары мен флеш-мобтар, балалар арасында асфальтқа сурет салу байқаулары мен спорттық шаралар, жарыстар ұйымдастырылады. ҚР Конституция күніне арналған шаралар Мичурино, Заречный, Ильинка, Көктал елді мекендерінде де өтеді.

Сұхбат

PhotoRoom