Бүгін облыс әкімі Ж.Түймебаев 8 қаңтар күні Шымкент қаласындағы жеке үйдің жанынан жапсарлас салынған баспанада газ-ауа қосындысы салдарынан орын алған оқыс оқиға орнына барды. Өңір басшысы ондағы жағдаймен танысып, тұрғындардың хал-ахуалын біліп, зардап шеккендерге тиісті көмек көрсетуді ұйымдастыруды тапсырды. Бұл туралы ОҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Оқиға болған сәтте облыс және қала басшылығы тиісті орынға жетіп, қажетті апаттан құтқару жұмыстарын шұғыл түрде ұйымдастырған.
Қазіргі кезде зардап шеккен отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында арнайы комиссия құрылып, зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде оқыс оқиғадан зәбір көрген жанұяларға жергілікті бюджет есебінен 100 айлық есептік көрсеткіш (226 900 теңге) мөлшерінде қаржылай көмек беріліп, уақытша тұру баспанасы сынды қосымша әлеуметтік қорғау шаралары қарастырылатын болады. Сондай-ақ, қайтыс болған отбасыға тиісті материалды көмек пен тиісті құрылымдардың ұйымдастыруымен қажетті демеушілік көмектер беріледі.
Оқиға орнында болған әкім Ж.Түймебаев алдағы уақытта Азаматтарды тұрақты және уақытша тіркеуге қатысты заңға енгізілген өзгерістерге орай жүргізілетін тіркеу жұмыстары кезінде жеке баспанасы жоқ азаматтар санын анықтап, сол арқылы апатты үйлерді түгендеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Сондай-ақ, әкім пәтер берушілер азаматтарға жалға берер алдында және жалға алатын кезде қауіпсіздік жағдайын ескеру қажеттігін атап өтті.
Естеріңізге салсақ, 8 қаңтар күні сағат 03:55-те ОҚО ТЖ департаментінің шұғыл кезекшілеріне газ-ауа қосындысының жарылысынан барак тәріздес салынған жеке тұрғын үйдің опырылып құлауы туралы хабар келіп түскен болатын. Оқиға орнына сағат 04:07-де бірінші болып жеке құрамында 11 адам және 2 техникасы бар жедел-құтқару жасағының құтқару бөлімшесі келіп жеткен. Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде үйіндінің астынан 5 адам шығарылып, оның 4-уі тірі табылып, қайғылы жағдайдан 1 адам қайтыс болды.
Бүгінгі таңда оқыс оғиғаның шығу себептерін анықтау үшін тексеру жұмыстары жүргізілуде.