Бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысы барысында бірнеше мәселе қаралды. Шахан мен ОҚО-дағы тұрғын-үй апатының мән-жайы, басқа да қоғамдағы өзекті тақырыптар сөз болды. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев қоғамда үлкен наразылық туғызған, елді дүрліктірген Қазақстан азаматтарын тұрғылықты мекен жай бойынша тіркеу туралы заңға байланысты тоқталды.
ҚР Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов бұл заңның посткеңестік елдер мен Германия сияқты елдердің тәжірибесінде бар екендігін алға тартып, тиімді жақтарын түсіндірмек болды. Алайда, министрдің сөзін соңына дейін тыңдаған Үкімет басшысы түсіндіру жұмыстарының дұрыс әрі уақытында жүргізілмегендігін айтып, сынға алды.
"Тағы бір мәселе - азаматтарды уақытша тіркеуді енгізу". ХҚКО-ларда қандай жағдай болып жатқанын көріп отырмыз. Мәлімет аз, сұрақ көп. Біздің меморгандар түсіндіргісі келеді, бірақ халық оны қабылдамай жатыр", - деді Сағынтаев.
"Бізде заңға қашан қол қойылды?", - деп сұрады үкімет басшысы Қасымовтан.
"28 желтоқсанда", - деп жауап берді министр. Оның сөзін Сағынтаев заңға 22 желтоқсанда қол қойылғанын айтып, түзеді.
"Бірінші рет қашан түсіндірдік? Біз ХҚКО-ларда дүрлігу туғаннан кейін ғана түсіндіре бастадық. Бұл норманың халыққа қатысты екенін түсіндік, біз 22 желтоқсанда түсіндіру жұмыстарын бастап кете алар едік, сонда қазір ХҚКО-ларға келіп жатқан 40 мыңның 17 мыңы уақытша тіркеуге келіп, қалғандары заңдастыратын еді. Бірақ олар осы күндері келмей-ақ қойса да болар еді, солай ма? Олар тіпті бір жылдың ішінде асықпай келе алар еді, айтарлықтай дүрлігу тумас еді. Адамдар не істерін білмей ХҚКО-ларға бара бастады", - деді үкімет басшысы.
"Біз "Азаматтарға арналған үкіметті" құрдық. Нәтижесінде оның немен айналысып жатқаны түсініксіз. Адамдарға онлайн режимде тіркемейтіндеріңіз жайлы айтасыздар, олай болса бұл үкіметті неге құрдық? Ешқандай да жағдай жасамасыңыздар...", - деді премьер-министр мемлекеттік корпорацияның төрағасы Данияр Ереншіновке.
Данияр Ереншінов өз кезегінде "Азаматтарға арналған үкіметтің" арнайы ескертпе дайындағанын және оның келесі аптада барлық ХҚКО-да таратылатынын, сондай-ақ, ол ескертпенің халықтың уақытша тіркеуге қатысты сұрақтарына жауап бере алатынын айтты.
"Сіздің жедел шараларды қабылдадық деп баяндама жасап отырғаныңыз жақсы. Бірақ бұл жұмыс соңына дейін атқарылуы тиіс. Сіздердің дайындаған ескертпелеріңіз жайлы айтатың болсам, ол қазір халыққа қажет те емес. Оны бұрыннан дайындап, тарату керек еді. Уақытша тіркеуді енгізу - жақсы шара, бірақ мұнда ең басты проблема біздің осы жұмысты ұйымдастыруымызда. Сол қателіктерді қайта жасадық, заңдарды қабылдап жатырмыз, бірақ та оның негізгі ережелерін жеткізе алмаймыз. Үнемі осы жерде қателесеміз. Ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын күшейтуді тапсырамын", - деді Сағынтаев.
"Сайгез-ақпарат"