Осыдан тура 10 жыл бұрын 10 қаңтар күні Қазақстанда жаңа Үкімет басшысы таныстырылды. Ол – ел тарихындағы жетінші әрі тоғызыншы премьер-министр Кәрім Қажымқанұлы Мәсімов болатын. Бұл өзгерісті көптеген сарапшылар «Дағдарысқа қарсы үкімет» деп атап, Кәрім Мәсімов үкіметіне алғашқы бағасын берді.
Мәсімов премьер болған тұста ақын, тіл жанашыры Мұхтар Шаханов ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болатын. Парламент депутаттарынан Кәрім Мәсімовті үкімет басшысы лауазымына бекітуді сұраған президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның барлық даму бағыттары бойынша жүзеге асырылатын істердің жоспарын жасаған, айқын түсінігі бар» деп таныстырды. Сонда депутат, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының төрағасы Мұхтар Шаханов «Өзі қазақша білетін адам ба?» деген жалғыз сауалын қойған еді. Елбасы депутаттың бұл сұрағына «Біледі, біледі» деп жылы жауап берген болатын.
Содан бері тура 10 жыл уақыт өтіпті. Бірде-бір облысты басқармаған, әкім болып көрмеген адам Үкіметті басқарды. Басқарып қана қоймай, Үкіметті ең ұзақ басқарған, екі рет премьер-министр болған мәртебеге ие болды.
1991 жылы желтоқсанда тәуелсіздігін жариялаған Қазақстанның алғашқы премьер-министрі болып Сергей Терещенко тағайындалды. Үш жылдан кейін бұл қызметке Әкежан Қажегелдин келді. Тағы үш жылдан кейін Нұрлан Балғымбаев, 1999 жылы Қасымжомарт Тоқаев премьер-министр болып тағайындалды. Ел тарихында ең қысқа мерзім – 2002-2003 жылдар аралығында премьерлік қызметті Иманғали Тасмағамбетов атқарды. Одан кейін бұл қызметте ең ұзақ отырған Даниял Ахметов еді.
Кәрім Мәсімов Бейжіндегі тілдер институтын, Ухань заң университетін, Қазақ мемлекеттік экономика университетін бітірген. Экономика ғылымдарының докторы. Ағылшын, қытай, араб тілдерін жетік меңгерген Мәсімовтің 10 жылда қазақшасы да біршама жақсарды. Кәрім Мәсімов алғаш рет үкімет отырысын бастан-аяқ қазақ тілінде жүргізген үкімет басы ретінде есте қалды. 2009 жылы сәуірдің 14-і күні ол кезекті үкімет отырысын қазақ тілінде жүргізіп, алда барлық жиындар мемлекеттік тілде өтетіндігін ескерткен еді. Бірақ іс жүзінде олай болған жоқ.
Мәсімовтің Үкімет басында ұзақ отыруының себебін әркім әртүрлі түсіндіреді. Көптеген сарапшылар Мәсімовті Елбасының сенімді сарбазы, айтқанын екі етпейтін көнбіс, амбициясын көрсетпейтін жуастығымен қызметте ұзақ отырғанын айтады. Расымен, Мәсімов барлық елең еткізер жобалары мен бағдарламаларын өз абыройына телімей, президенттен бастау алатындай етіп жүргізді. Маңызды идеялар мен жобаларды жүзеге асырып, бәрін президент тапсырмасы деп түсіндірді.
Саясаттанушы Әзімбай Ғали Мәсімовтің өзіне жүктелген функциясын орындап, тек экономикамен ғана айналысқанын, Қазақстанда премьер-министр қызметін сақтап қалғысы келетін адамның саясаттан аулақ болуы керектігін көрсеткен лауазымды тұлға екенін айтады.
Ол еңбек жолын, 1991 жылы Қазақстан Еңбек министрлігінде бас экономист болып бастаған. Оншақты жыл өтісімен Көлік және коммуникация министрі, премьер-министрдің орынбасары болды. Сосын 2007 жылы Үкіметті басқарды. Оған дейін Мәсімов қазақ қоғамында ешкім танымайтын, ағылшынша айтқанда «unknown person» болды. 10 жыл өтсе де, Мәсімов аттан түскен жоқ. 2007-2012 жылда Үкімет басшысы, 2012-2014 жылдары ҚР Президенті әкімшілігінің жетекшісі, 2014-2016 жылдары қайтадан ҚР Премьер-министрі болды. 2016 жылдан бері ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитететінің төрағасы. Осы ретте Кәрім Мәсімовті кризис-менеджер ретінде қарауға болады. Дағдарыс жылдары Үкімет басқарды. Тіпті, оның үкіметін «Дағдарысқа қарсы үкімет» деп те атады. Енді міне Қазақстанда террорлық әрекеттер көбейгенде ҰҚК төрағасы болып тағайындалды.
Әзірлеген – Досжан Мейірім