Халифатты аңсаушылар көбейіп барады

Сараптама
21.08.2014, 13:00

Күні кеше Павлодарда Қазақстанда халифат құруды уағыздаушы төрт азамат құрықталды. Жалпы, Павлодарда осы жыл бойына лаңкестікке қатысты бұл қолға алынып отырған бірінші іс емес. Көктемде ғана Сириядан қайтқан Екібастұздың төрт тұрғыны өмірдегі қате таңдаулары үшін темір тордың ар жағына тоғытылған. Олардың алды жеті жылға, кейінгілері екі жылға бас бостандығынан айырылған. Осыдан кейін жаза басып, шетелге кеткен азаматтарымыз орала алмайтын халге түскен. Бұл басқаларға сабақ болады дестік. Бірақ ол олай болмай шықты.

Енді жерлестеріміз Ирактағы Ирак және Леванта Ислам мемлекеттері ұйымының қатарынан төбе көрсете бастады. Бұл арада қазақстандықтар саны санаулы екенін, БАҚ-тағы зорайған сандар асыра сілтеліп берілгенін баса айта кетелік.

Жалпы, бұл теріс құбылысқа тоқтау бар ма? Қазақстандықтар қауіпті аймаққа неге қаймықпай жол тартады?..

Дінтанушы Досай Кенжетайұлы бұл әу, баста дінге немқұрайлы қараған Қазақстан билігінің қателігі деп санайды. Өйткені тәуелсіздік алған кезде бізде ислам діні туралы арнайы білім болған жоқ, билік дінге қорқып-үркіп қарады, сондықтан осы ұрымтал сәтті пайдаланып, көптеген жастарымызды дінді геосаясаттың құралына айналдырғандар іліп әкетті.

Досай Кенжетайұлы, дінтанушы:

– Қазір, өкінішке қарай, дін геосаясаттың құралына айналып кетті. Дін сыртқы бөтен пиғылдылардың қаржысымен қаржыландырып жатыр. Бұдан ислам да шет қалмады. Жалпы, лаңкестікті қаржыландырушылар белгілі бір елді-мекенде тұрақсыздық отын қаулатып, сол елдің дамуын тежеп, қайыршылық орнатып, сол арадан ақша жасап, оны өзіне тәуелді етуді көздейді. Қазақстанда халифат құру деген сөзді мен біздің елдің де топырағына көз сала бастаушылар бар екендігін білдіреді деп, оған сескене қараймын. Әйтпесе халифат құру деген фундаментальды исламнан негіз алатын аңыз-миф. Оны жасау бүгінгі таңда мүмкін емес. Оған кез келген мемлекеттің заңы жол бермейді. Ислам бұлайша бөлектен, біреулерді күштеп бағындыр деп насихат жүргізбейді. Керісінше, ел арасына еніп, өз уағызыңды жүзеге асыруды қолдайды. Оны күшпен емес, ақылмен істеу керектігі де маңызды. Бірақ жат пиғылдың білімімен сусындаған қазіргі жасқа мұны түсіндіру, әрине қиын.

Сондай-ақ маман бүгіндері мемлекеттің дінге бет бұруын жақсы құбылыс, ол осы бағыттағы олқылықтардың орнын толтырады деп сенеді.

– Мемлекет – әке. Ол өз баласына қамқор болу функциясын атқаруы тиіс. Дін бойынша да. Сондықтан орталықтандырылған дін саясаты бізде қалтқысыз жүргізілуі тиіс. Мемлекет баласына керекті білімді, әсіресе, дін секілді өте шетін саладағыны өз қолына алуы керек. Құдайға шүкір, қазір бұл бағытта елімізде оң шаралар жүзеге асырылып жатыр. Ислам дініндегі қазақ жастарының білімі де сауатты бола түсуде. Осы үрдісті жалғастыра беру керек. Ал лаңкестікке қазақ жасы неге барды? Осының себептерін билік талмай талдап, оны жоятын тетіктер құра алса, онда болашақта қандай да бір дүрбелең ұйымдардан қара көздерімізді көрмейтін болар едік, - дейді дінтанушы.

Елімізде лаңкестік мәселесін зерттеуші ғалым-саясаттанушы Ерлан Қарин лаңкестік топтарға қазақстандықтардың баруына діни сауатсыздығымен қатар, жұмыссыздық себеп деп қорытынды жасайды.

«Біз 2004 пен 2013 жылдар аралығында елімізде «Лаңкестік» бабы бойынша қозғалған барлық қылмыстық істі сараптап шықтық. Ол бойынша лаңкестік және экстремистік істерге қатысқандардың 73 пайызы жұмыссыздар, онда да көбісі бұрын сотталғандар екенін анықтадық. Сол секілді біз сараптай келе, олардың бір де бірінің толыққанды діни сауаты жоқтығын, жалпы білімі таяз азаматтар екенін анықтадық», - дейді саясаттанушы.

Осы жағынан алғанда, сотталып шыққандарды жұмыспен қамту жағына мемлекет аса көңіл бөлуі тиіс. Бұл қоғамдағы аса өзекті мәселе екені шүбәсіз. Бізге телефон арқылы сұхбат берген авторымыздың бірі мұны құптайды әрі еліміздегі жұмыс берушілер тарапынан тек сотталғандығы емес, сонымен қатар діни сенімі мен нанымына қарай шеттету барын, соны жою жағына көңіл бөлсе деген ниет білдіреді.

«Көбіне біздегі жұмыс берушілер діни танымына қарай адамдарды жұмыстан шеттетіп жатады. Бұл арада діни көзқарас та көп рөл атқармайды. Мәселен, жұмыс беруші кеңсесінде басына орамал тартқан немесе сақал өсірген азаматты көргісі келмейді. Бар себебі – осы. Бұл дұрыс емес қой. Ал қоғам, биліктің өзі шеттеткен адамдар қайда баруы керек? Осыдан кейін олардың қауіпті аймақтардан табылуын заңдылық демей не дейміз» дейді беймәлім қалуды жөн санаған авторымыз.

Автор: Кәмшат Сатиева

Мақала мен иллюстрация alashainasy.kz сайтынан алынды

Сұхбат

PhotoRoom