Кезекті саяси маусым басталды

Жаңалықтар
02.09.2014, 14:34

Бүгін Қазақстанда саяси өмір қайта жандана бастады. Әдетте оны депутаттық корпустың екі айлық демалыстан оралып, Президенттің жаңа сессияны ашып беруімен өлшейміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін палаталардың бірлескен отырысын ашып, жаңа сессияны ашты. Президент депутаттарға бірнеше ұсыныс айтып, атқарушы билікке жаңа заң жобалар әзірлеуді тапсырды. Бір айдан кейін Парламенттің жоғары палатасы - Сенатқа сайлау өтеді. Одан әрі үлкен науқандар болатыны да болжанып жүр. Әзірге ешбір себеп жоқ сияқты. Отырысқа Сенаттың барлық 47 депутаты,  Мәжілістің барлық 107  депутаты, ҚР Үкімет мүшелері, Жоғарғы сот, Конституциялық кеңесі, Орталық сайлау комиссиясы төрағалары, ҚР Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, ұлттық басқарушы компаниялардың басшылары қатысты. Сонымен Мемлекет басшысы депутаттар алдында не деді?

«Құрметті депутаттар, баршаңызды жаңа парламенттік маусымның ашылуымен шын жүрегіммен құттықтаймын! Жұмыстарыңызға табыс тілеймін! Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында жылдар бойғы оңтайлы үдерістердің қалыптасуы Парламентіміздің жұмысымен тікелей байланысты екендігін ерекше атап өткім келеді. Парламент алдағы уақытта да осы қарқыннан таймай, халық өкілі ретінде өз міндетін абыроймен атқаратынына сенімдімін. Бұл құжатты заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету сіздердің айрықша міндеттеріңіз болып табылады".

 

«Төртінші сессияның өз ерекшелігі бар. Ол өздеріңізге белгілі 2008 жылғы қазанда сайланған Парламент Сенаты депутаттарының өкілеттік мерзімі аяқталуына байланысты. Жаңа сенаторларды сайлау мерзімі биылғы жылдың 1 қазанына белгіленіп отыр.  Еліміздің жоғарғы заң шығарушы органына 16 өңірден бір-бірден депутат сайланатын болады. Халық арасында саяси белсенділік пен құқықтық мәдениет артып келеді. Сондықтан біздің алдымызда ашық та, әділ сайлау өткізу міндеті тұр. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, Конституцияның нормалары мен қағидаттарын сақтау Қазақстан Республикасының тұрақты демократиялық дамуының кепілі  болып табылатындығы сөзсіз. Осыны естен шығармағанымыз абзал».

 

«Бүгінде құқықтық салада жемқорлықпен күрес тұрғысында тиімді жұмыстарға негізделген бірқатар реформалар жүргізілді, алайда олар жеткіліксіз. Биылдың соңына дейін Қазақстан Республикасының 2025 дейінгі сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын қабылдау қажет. Ол үшін бұл жұмыстарда үздік әлемдік тәжірибені алу қажет».

 

«Парламенттің жаңа сессиясы күрделі жағдайда басталып отыр. Әлемдік экономикадағы  болжамсыздық сақталуда, геосаяси, оның ішінде Украинадағы оқиғаларға орай халықаралық қарым-қатынастар әлсіреуімен байланысты  қауіп-қатерлер тереңдеп келеді. Әлемдік ЖІӨ-нің жалпы 60 пайызын құрайтын мемлекеттер бір-біріне санкциялар қолдануда. Сондықтан да экономика, халықтың әл-ауқаты, Қазақстанның қауіпсіздігі үшін орын алуы мүмкін теріс сын-қатерлердің  алдын алуда барлық жұмыстарды атқару маңызды. Мұнымен менің тапсырмам бойынша Үкімет айналысып жатыр. Бүгінгі таңда қолдағы бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалану үшін Үкімет пен Парламенттің бірлескен жұмысы қажет».

 

«2017 жылдан бастап міндетті медициналық сақтандыру қорын құра отырып, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық қызметтерге төлем жасау комитетін трансформациялау қажет. Қазіргі қолданыстағы денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесі аталған қор үшін база болады».

 

«Әкімдіктерге өңірлік деңгейде барынша тиімді орындалатын қызметтерді беру қажет, ең алдымен жергілікті маңыздағы қызметтерді. Мұның тиімділігін халықаралық тәжірибе  көрсетіп отыр. Бұл ретте, бір қызмет тек бір ғана мемлекеттік органға тиесілі болуы қажет, қайталау болмауы тиіс. Орталық мемлекеттік органдар заңнаманың барлық нормаларының орындалуына бақылау мен қадағалаудың сапасы төмендемеуін қадағалауы керек. Халықты жылумен жабдықтау саласындағы қызметтерді көрсетумен байланысты жекелеген функцияларды әкімдердің жүргізуіне ауыртпалықсыз беру қажет. Мәселен, жылумен жабдықтау нысандарының жұмысын жүргізу мәселесі, жылу беру маусымына дайындық толығымен жергілікті әкімнің қолында болуы тиіс. Бұған қоса, жергілікті органдарға қызметтер беру - бұл оларға зор өкілеттік жүктеу ғана емес».

 

Нұрсұлтан Назарбаев депутаттық корпустан жазғы каникул мерзімін қысқартуды сұрады. 

Сөз арасында Мемлекет басшысы Парламентте жұмыс ауқымы артып келетінін атап өтті. «Өмірдің өзі бізді асықтыруда. Айналамыздағы, әлемдегі экономикалық жағдайлар, саяси ахуалдар шешімдерді тез қабылдауға мәжбүрлеп отыр. Президент те, Үкімет те, Парламент те, жергілікті атқарушы органдар да ширақ болуы керек. Мұның бәрі табысты дамуды қамтамасыз етеді. Тұтқиылдан келетін экономикалық тәуекелдерге даяр болуымыз керек. ХХІ ғасырдағы қатерлер мемлекеттік биліктің барлық институтынан белсенділікті күнделікті талап етеді. Өзімнен бастап, атқарушы биліктің барлық тармағы күні-түні жұмыс істеп келеміз. Сондықтан да, Парламенттік корпусқа жыл барысындағы жазғы депутаттық каникул мерзімін қысқарту туралы өтініш жасаймын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұл ретте Елбасы Парламенттегі «Нұр Отан» фракциясына осы мәселенің дұрыс шешімін жасауды тапсырып, депутаттық корпустың түсіністікпен қарайтынына сенім білдірді.

Жыл соңына дейін Үкіметке «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасын әзірлеуді жүктеді.

«Жемқорлықтың барынша жоғары тәуекелдері мемлекеттік сатып алулар саласында сақталып отыр. Кәсіпкерлер проблемаларын шешу мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету үшін 2014 жылдың аяғына дейін Үкімет жаңа редакцияда «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасы әзірлеп, Парламентке енгізуі тиіс»,-деді Елбасы.

Сонымен қатар, Президент қазіргі кезде халықтың табысы мен шығысының жалпыға бірдей декларациялауына көшу бойынша заңнамалық өзгерістерге дайындық жүріп жатқандығына тоқтала келе, декларациялауды толық енгізуді 2017 жылдан бастап қамтамасыз ету керектігін атап өтті.

 

«Тұтқиылдан пайда болатын тәуекелдерді, геосаясаттың өзгеруін, сонымен бірге туындайтын жаңа мүмкіндіктерді ескере отырып, экономикалық саясатты қалыптастыруға тиіспіз. Ең бастысы қол жеткен даму деңгейін сақтап қалу, өндірістік құлдыруды болдырмау, жұртшылықтың әлеуметтік көңіл-күйін түсіруге жол бермеу маңызды. Бұл орталық органдардың ғана емес, барлық деңгейдегі әкімдіктердің маңызды міндеті болмақ», - деді Президент.

Бұл ретте әлемдік нарық жағдайында Қазақстанның экспорттық тауарларына бағаның құбылып тұрғанын еске сала келе, бұның ел бюджетіне барынша сезіліп отырғанын тілге тиек етті.

«Ресейге қатысты және Ресейдің батысқа қарсы санкциялары да Қазақстанға әсер етпей қоймайды. Біз ондай қысымдардан айналып өте алмаймыз. Дегенмен, Үкімет бүгінгі күні бұл мәселемен барынша айналысуда. Орын алуы  ықтимал оқиғалардың бірнеше нұсқасы, біздің «жауаптарымыз» болуы шарт. Дегенмен, Қазақстан үшін «қорқынышты» ешнәрсе жоқ, бізде орнықтылық бар, мүмкіндігіміз, тиісті резервтер жеткілікті. Үкімет экономика дамуының оптимистік және пессимистік сценарийлерін, елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тетіктер әзірлеп жатыр. Жалпы, дамудың қандай сценарийі орын алмасын, Үкіметке мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін қаржыландыруды еш қысқартпау туралы тапсырма жүктелді. Бұл үшін, халықтың  орнықты әл-ауқатын қамтамасыз етуде бізде қажетті  ресурстар баршылық», - деді Н. Назарбаев.

«2015 жылдан бастап коммерциялық мақсаттарда пайдаланылмайтын 7жылға дейінгі жеке автокөліктерге техникалық байқаудан, сондай-ақ көлік құралын басқаруға сенімхаттан бас тарту керек»,-деді Н. Назарбаев.

Мемлекет басшысының атап өтуінше,  құрылымдық реформалар бойынша негізгі заңнамалық өзгерістерді Үкімет кәсіпкерлік қызметті жүргізу жағдайын түбегейлі жақсарту мәселелері тұрғысындағы заң жобасында ескеру қажет.

«Үкіметке аталған заң жобасын Парламентке биылғы қыркүйекте енгізуді тапсырамын. Оның қарастыруды басымдықты мәселе деп жариялаймын»,-деп түйді Мемлекет басшысы.

Сұхбат

PhotoRoom