Қазақстандық жастардың басым бөлігі өздерінің проблемаларын шешуде ата-аналарына сенім артады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жанар Боқанова мәлім етті.
«Қазақстан жастарының 73 пайызы бүгінде өздерінің проблемаларын шешуде ата-аналары мен жақындарына сенім артатынын айтар едім. Алматылық жастар керісінше өздерінің мәселелерін өз күшімен шешуді немесе достарына арқа сүйеуді жөн көреді», - дейді орталық директоры.
Оның сөзіне қарағанда, осындай фактілерді анықтайтын әлеуметтік сауалнама Қазақстанның барша өңірінде 2 мың респонденттің арасында жүргізілді. Оның нәтижелері тоқсан сайын жаңартылып отырады екен.
Осы орайда ол сауалнама нәтижесінен тығыз отбасылық дәстүрді, ата-аналары мен балаларының арасындағы жақын қарым-қатынасты байқауға болатынын атап өтті. Алайда, осындай қатынастардың салдарынан болашақта жастар өздерінің проблемаларын мемлекетке жүктеуі мүмкін.
«Менің ойымша, бүгінде барша жастар ұйымдарымен бірлесе отырып, жастар жауапкершілікті өз мойнына жүктеуі үшін көмектесуіміз керек»,-деп түйді Ж. Боқанова.