Жақында ҚР Президентінің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі үндеуі жарияланып, ҚР Конституциясына енгізілетін өзгерістердің бүкілхалықтық талқылау мерзімі аталды. Жалпы алғанда Президенттің 40-қа жуық өкілеттігі не Үкіметке, не Парламентке берілуі мүмкін. Қазақстан Конституциясына өзгерістерді бүкілхалықтық талқылау 2017 жылғы 26 ақпанға дейін жалғасады. Бұл жағдайды саясаттанушылар мен сарапшылар әрқилы жорып, пікірлерімен бөлісіп жатыр. Соның бірі – саясаттанушы Данияр Әшімбаев.
Жақында Данияр Әшімбаев REGNUM ақпараттық агенттігіне сұхбат беріп, 2017 жылдың соңында билік ауысуы мүмкін деген жорамалды айтады. Ол қалған саясатанушылар секілді Конституциялық реформа билік транзитінің бастауы деп ойлайды.
«Егер бізде реформа сыртқы саяси келбетімізді дұрыстау мақсатында жасалғалы жатыр деп ойласақ, қателесеміз. Ол жағынан бізде барлығы тұрақты деп ойлаймын. Жақында ғана Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болды, жазда бүкіләлемдік Экспо көрмесін өткіземіз, қазір Алматыда бүкіләлемдік Универсиада өтіп жатыр, жақында ғана Сирия келіссөзі бойынша Қазақстан себепші болып, жаһандық мәселе Астана төрінде қозғалды. Сондықтан, бұл реформа Қазақстанның халықаралық деңгейде сыртқы келбетін қайта түрлендіруге байланысты жасалған деп айта алмаймыз.
Егер, өзгерістер болған жағдайда, Елбасы «Нұр Отан» партиясының төрағасы ретінде өкілеттілігін арттырып, кезектен тыс сайлау өткізуге бастамашы болуы мүмкін. Сосын сайлауға партияны бастап баратын «Нұр Отанның» жаңа лидерін сайлайды. Ал, сайлауда жеңіске жеткен партия төрағасына Үкімет басшысы лауазымы беріледі. Сосын Президент орнынан кеткен соң Ресейдегідей президенттің барлық өкілеттілігі премьер-министрге өтетін болады. Мұндай жағдай Ельцин президенттіктен кеткенде болды. Сонда жеңіске жеткен партияның лидері В.Путин премьер-министр болып, көп ұзамай Ельцин кеткенде президент атанған еді. Дәл осындай үлгідегі билік алмасуы Әзірбайжанда да болды.
Ал, Президенттің орнын кім басады дегенге келсек: қазіргі премьер-министр Бақытжан Сағынтаев, вице-премьер Иманғали Тасмағамбетов, Президент әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбеков, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин, Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, «Астана ЭКСПО» ұлттық компаниясының басшысы Ахметжан Есімов, Алматы әкімі Бауыржан Байбек, ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары Самат Әбіш секілді тұлғалардың кандитат екені жиі аталып жүр. Ал, министрлердің арасынан қазіргі Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов да кандитат дейтіндер бар»
Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың берген сұхбатының толық нұсқасын оқимын десеңіз, мына сілтемеге өтіңіз.