Универсиада қонақтары Азиададан да аз болып шықты

Сараптама
03.02.2017, 11:05

4Универсиада ұйымдастырушылары "Алматыға турист қаптайды" деп уәде еткен, бірақ ҰҚК шекара қызметінің дерегінше, дүниежүзілік қысқы спорт ойындары басталғалы бері 66 елден 2100 адам келген.

ХОСТЕЛДЕР МЕН МЕЙРАМХАНАЛАР

Қазір Алматы қаласы көшелерінен туристерден гөрі ашық жасыл түсті күрте киген Универсиада волонтерлерін көбірек кездестіруге болады. Меймандардың жоғы Алматы хостелдерінен де байқалады. Хостелдер иелері Азаттыққа "Универсиададан көп үміт күтіп едік, бірақ спорттық жиын ашылған күннен бері келген қонақ жоқ" дейді.

Бес жыл бұрын ашылған "7476" хостелі Алматының тарихи орталығында орналасқан. Жанында бірнеше кинотеатр, опера және балет театры, скверлер мен саябақтар, сәнді мейрамхана, кафелер бар. Бұл хостелге орналасқан туристерге Алматы туристік буклеттерде бейнеленген қырынан көрінер еді.

Хостел басқарушысы Александр Назаров бос тұрған нөмірлерді, ас бөлмесін, жуынатын бөлмелер мен әжетхананы көрсетті. Хостелді күрделі жөндеуден өткізіп, ғимараттың алдыңғы жағын әкімдік берген Универсиаданың жарнамалық плакаттарымен безендірген. Александр Назаров Азаттыққа хостел мұнша шығынды әкімдіктің Recommended by Universiade бағдарламасына қатысу үшін жұмсағанын айтады. Ол бағдарламаның мақсаты - Универсиада қонақтарына қызмет көрсететін үздік қонақүй, хостел, мейрамхана, кафелерді конкурс негізінде іріктеу болатын.

- Қала қонақтарына қызмет көрсету құқығын жеңіп алу үшін біздің хостел алты ай бойы әкімдік бағдарламасына қатысты. Әкімдік қаладағы хостел қожайындарына техникалық қызмет көрсететін 300 адамды орналастырамыз деп уәде еткен. Хостелді Еуропа стандарттарына сәйкестендіру үшін комиссиялар келіп, кеңес берді. Біз оларды орындадық, ал бөлмелер қаңырап бос тұр, - дейді Александр Назаров.

Recommended by Universiade әріптестік бағдарламасы Универсиада-2017 қарсаңында туристік өнімдер мен сервис сапасын жақсарту мақсатында 2016 жылғы қарашада іске қосылған. Азаттықтың сауалына Алматы әкімдігі баспасөз қызметінен келген жауапқа қарағанда, қонақүй бизнесі мен қоғамдық тамақтандыру орындарын арнайы комиссиялар жоспарлы түрде тексерген. Қонақүй, хостел, мейрамхана, кафелерді балл беру арқылы бағалаған. Жоғары көрсеткіш иелеріне "Универсиада әріптесі" деген арнайы сертификат тапсырылған.

Туристік бизнеспен айналысатын кәсіпкерлердің көбі "туристер қаптайды" деген үмітпен көп ақша жұмсағанын айтады. "Алматыцентр" хостелі директоры Райхан Белялованың сөзінше, бизнестің бұл түрімен айналысатындар бір-бірімен жақын араласады. "Жаңалықтармен бөлісіп отыратын ортақ чатымыз бар. Универсиадаға туристер өте аз келгенін жұрттың бәрі жазып жатыр. Келіп жатқан қонақ жоқ" дейді ол Азаттыққа.

Қаланың тарихи орталығында орналасқан "Алматы" және "Қазақстан" қонақүйлері - орташа баға ұстанатын мейманханалар. Екеуі қала қонақтарын жайғастырумен айналысатын турфирмалар тізімінің бас жағында тұр. "Алматы" қонақүйінің маркетингтік коммуникациялар менеджері Дамир Бекмұхаметов Азаттыққа "біздің қонақүйде Универсиадаға келген туристер жоқ" дейді. "Қазақстан" қонақүйінің Мәдина есімді менеджері Азаттық редакциясына "бұл - құпия ақпарат, сондықтан оны алу үшін директордың атына ресми хат жазыңыздар, оны бірнеше күн ішінде қараймыз" деп жауап берді.

Қаланың қоғамдық тамақтану орындарында да осыған ұқсас жағдай байқалады. Немістің ұлттық тағамдарын әзірлейтін "Пруссия" мейрамханасы орталықтағы жұрт арасында "қаржы-кәуап кварталы" аталып кеткен жерде орналасқан. Маңайында түрлі банктердің өкілдіктері мен кәуап пісіретін орындар көп. Мейрамханаға келушілердің көбі - банк қызметшілері, сапалы сыра мен дәмді тамақ іздеп келетіндер. "Пруссия" қызметкері Болат Оразбақовтың Азаттыққа айтуынша, комиссия шешімімен "Универсиада әріптесі" сертификатын алған мейрамханаға әзірше спортшылар да, туристер де келмеген.

Ертеректе Алматы әкімдігі 28-ші қысқы Универсиадаға екі мыңға жуық спортшы студент пен 30 мың қазақстандық және шетелдік турист келеді деген ақпарат жариялаған. Спорт форумын өткізу кезінде кептеліс болмау үшін қаңтардың 29-ынан ақпанның 8-іне дейін Алматыдағы тоғыз сауда нысаны уақытша жабылған. Олардың ішінде зат сататын және азық-түлік базарлары мен ірі дүкендер бар. Бұған қоса, қалаға ескі көліктердің кіруіне шектеу қойылған.

Дереккөз: Азаттық

Сұхбат

PhotoRoom