Қазақстанның бірінші ханымы

Тұлға
13.02.2017, 09:28

212 ақпан - Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың зайыбы, Қазақстан Республикасының қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы білім беру саласының құрметті қызметкері Сара Алпысқызы Назарбаеваның туған күні. Қазақстанның бірінші ханымы 76 жасқа толып отыр.

"Бөбектің" анасы

Сара Алпысқызы тек қана үлгілі жар, аяулы ана емес, еліне еңбегі сіңген қоғам қайраткері. Ол 1992 жылы "Бөбек" қайырымдылық қорының негізін қалаған болатын.  Ұйым қызметінің басты бағыттары: ана мен баланы қорғау, нәрестелер мен балалар үйлерін қамқорлыққа алу, мектептерді қазіргі заманғы жабдықтармен қамтамасыз ету, тұрмыс дәрежесі төмен отбасынан шыққан дарынды балаларға қолдау көрсету, балалар денсаулығын сақтау ісіне жәрдемдесу. Ол жетім балаларды тәрбиелеудің жаңа жүйесін қалыптастырып, елімізде тұңғыш "SOS Киндердорф" балалар ауылының өмірге келуіне мұрындық болды. Сондай-ақ, Қазақстанда алғашқы болып жетім балаларды қорғайтын заң (Отбасылық үлгідегі балалар ауылдары және жасөспірімдер үйлері туралы) шығару бастамасын көтерді.

1994 жылдан "505 – Қазақстанның балалар ауылы" (Австрияның «Киндердорф Интернационал» қорының филиалы) қорының, 1999 жылдан "Демография" қайырымдылық қоры қамқоршылар кеңесінің төрайымы болып қызмет атқарды.

Еліміз аумағында балалар емханаларының ашылуына, қайырымдылық шараларын ұйымдастыруға бір кісідей атсалысып келген Қазақстанның бірінші ханымы ерен еңбегі әлемдік қауымдастық назарын аударып, 1999 жылы «SOS Киндердорф» халқыаралық қорының Алтын медалімен, 2002 жылы ЮНИСЕФ-тің арнайы сыйлығымен, 1-ші дәрежелі «Достық» орденімен, «Өзін-өзі тану философиясы мен оқу мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін» Шыңғыс Айтматов атындағы Алтын медальмен марапатталған болатын. Осындай халықаралық ұйымдардың арасында Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының Ихсан Дограмачи атындағы Халықаралық жүлдесі, Unity халықаралық жүлдесі, «Құрманжан Датқа» жүлдесі сияқты елеулі марапаттар бар.

Сара Алпысқызы Софи Лореннің қолынан Ресей Қызыл Крест қоғамы тағайындаған және өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған көпжылдық қызметі үшін берілетін «Алтын жүрек» халықаралық жүлдесін алды.

Сара Алпысқызы 2010 жылы өз өмірін SOS Kinderdorf балалар қалашығының балаларына арнаған әйелдерге берілетін SOS Kinderdorf International Халықаралық қорының марапаты –  «Алтын жүзікке» ие болды.

Сара Назарбаева "Өмір әдебі" туралы кітабында: "Мен бала күнімде шамадан тыс қарапайым жасқаншақ болдым. Өзім білетін құрбыларымның барлығы да менен ақылдырақ, маңыздырақ сияқты көрінетін. Актриса болуды армандап, өзімнің балалық ақылыммен: «Қайдағы, бұл таңдаулылардың ғана ісі ғой» деп пайымдадым. Бақытыма қарай жас келген сайын «Балақайдың» арқасында бойымдағы бұйығылықтан біртіндеп арыла бастадым. Рас, актриса бола қойған жоқпын. Бірақ өмірімді бұрмаламай көрсететін бір қарапайым ақиқатты түсіндім. Ал нақтырақ алатын болсақ, адамдарды бір-бірінен ажыратуға болатын басты айырмашылық жан дүниесі мен рухтың үйлесімі арқылы өмір сүру қабілетін айқындайтын олардың санасының даму деңгейі екен", - деп жазады.

Бес жасында анасынан айырылған Сара Алпысқызы сәбидің махаббатсыз, мейірімсіз, жақын адамының қамқорынсыз жетілуінің қаншалықты қиын екенін біліп өседі. Бала кезінде әлемдегі барлық балалар бақытты, отбасы шапағатын сезініп, анасы, әкесі, бауырлары жанында еркелеп жүрсе екен деп армандайды. Осы ойдың жетегінде өмірге "Бөбек" келді. Ол қазақстандық балапандармен бірге "Әрқашан күн сөнбесін, Аспаннан бұлт төнбесін, Қасымда болсын мамам, Болайын мен де аман!" деп ән шырқады.

3

Үш қыздың анасы

Сара ханым жары Нұрсұлтан Назарбаев екеуінің қалай танысқандарын былай деп баяндайды: "Мен 1941 жылы Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Қызылжар ауылында туылдым. Қарағанды металлургиялық комбинаты жанындағы жоғары оқу орнын экономист мамандығы бойынша тәмамдадым. Бала кезімде қатарластарымнан ешбір ерекшелігім болмады: қарапайым кеңестік мектептен білім алдым. Оқу орнын аяқтаған соң аталған комбинатта жұмыс істей бастадым. Нұрсұлтан Әбішұлымен сонда таныстым".

Сара Назарбаева ол кезде электрстанцияда кезекші маман болса, елбасымыз көрікші қызметін атқарған. Сол күні өндіріс орнында апат болып, барлық жұмысшылардың үнжырғасы түсіп кетеді. Оған цехта не болып жатқандығы қызық болып, домнашылардың әрекетін бақылау үшін сонда барады. Осы жерде Нұрсұлтан Әбішұлын алғаш рет көреді, танысады, арада сезім пайда болады. Көп ұзамай жастар отбасын құруға бел буады. 1962 жылы комсомолдық жастар үйлену тойын жасайды. Сара Назарбаева осыдан кейін де комбинатты тастамаған екен.

Фотолар ақорда.кз сайтынан

Мақаланың дереккөзі: massaget.kz

Сұхбат

PhotoRoom