Сәрінжіпов әкімдерге хат жазды

Жаңалықтар
05.09.2014, 14:27

ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов облыс әкімдеріне оқулықтарды уақтылы жеткізуді ұйымдастырмаған аудандық, қалалық білім бөлімінің басшыларына шара қолдану туралы ұсыныс хат жолдады.

Бұл туралы бүгін елордада өткен брифингте ҚР Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі, орта білім және ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева мәлім етті.

«Бүгінгі күні Білім және ғылым министрінің хатын дайындадық. Облыс әкімдеріне оқулықтарды уақтылы жеткізуді ұйымдастырмаған, Білім туралы заңның орындалуына кедергі келтірген  аудандық, қалалық білім бөлімінің басшыларына шара қолдану туралы ұсыныс хат жолданды», - деді Ж.Жонтаева.

Оның атап өтуінше, ҚР Білім туралы заңына сәйкес, Білім және ғылым министрлігінің құзіретіне  тек оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың бағдарламасын әзірлеу кіреді. Бекітілген бағдарлама жергілікті атқарушы органдарға жіберіледі. Осыдан кейін жергілікті атарушы органдар баспамен келісімшартқа отырып, аймақтардағы мектептерді оқулықпен қамтамасыз етуге міндетті. Ал оқулықтарды сатып алуға қажетті қаржы толығымен бөлінген.

«Бүгінгі күні облыстық, аудандық әкімдіктер жергілікті бюджеттен 8 миллиард теңгеден астам қаржы ақша бөліп, ол аудандық, қалалық білім бөлімдеріне берілді», - деді.

Департамент басшысының сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы 3 пен 10 сынып оқулықтары ауыстырылды. Оқулықтар 4 жылда 1 рет ауыстырылады.

Сұхбат

PhotoRoom