Ташкентте алда өтетін Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі Бірлескен үкіметаралық комиссияның 16-отырысы аясында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Қанат Алпысбаев «Узбекистон темир йуллари» АҚ басшылығымен теміржол көлігі саласындағы өзара іскерлік байланысты дамыту туралы келіссөз өткізді.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 2016 жылы Қазақстан мен Өзбекстан арасында теміржол көлігімен жүк тасымалдауда өсім байқалды. Тасымалдау көлемі 19 миллион тоннаны құрады.
Кездесуде екі ел аумағымен транзиттік тасымалдау көлемін арттыру мен жеңілдікті тарифті қолдану жайы талқыланды.
Келіссөздер нәтижесінде Қазақстаннан астық және ұн өнімдерінің, 45-футтық рефрижераторлық контейнерлермен жүктердің экспорты, сондай-ақ Қазақстан аумағы арқылы өзбекстандық жеміс-жидектердің және басқа да азық-түлік өнімдерінің транзиті бойынша тарифтерге жеңілдіктер ұсыну туралы келісілді.
Келісім барысында өзбекстандық экспорт пен импорттық тасымалдауларды Ақтау және Құрық порты арқылы Транскаспий халықаралық көлік бағдары (ТХКБ) бойынша ұйымдастыру мүмкіндігі талқыланды.
Ташкентте «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ мен «Узбекистон темир йуллари» АҚ арасында Қазақстан аумағы арқылы жүктерді тасымалдаудың электрондық коммерциялық ілеспе құжаттары бойынша ақпарат алмасуы туралы Келісімге қол қойылды.
"Сайгез-ақпарат"