Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) бұрынғы басшысы, қаржы жымқыру күдігіне қалған Руслан Ерденаевты қамау мерзімі 28 наурызға дейін ұзарды деп хабарлады Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі.
БЖЗҚ-нің бұрынғы басқарма төрағасы Ерденаевқа "өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иеленіп, ысырап қылу" айыбы тағылған. Оның ұсталғаны туралы осы жылдың басында хабарланған. 2016 жылы 21 желтоқсанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті БЖЗҚ-ның "АлатауМұнайАлтын" компаниясы мен "Бузгул Аурум" компаниясының облигацияларын "бес миллиард теңгеге сатып алғаны" фактісі бойынша тексеру басталғанын хабарлаған.
Ерденаевпен бірге БЖЗҚ-ның қауіп-қатерді басқару департаменті қаржылық қауіп-қатерлер басқармасының бастығы Мұса Бахтов та қамалған. Бұл іс бойынша сонымен қатар "АлатауМұнайАлтын" компаниясының бақылау кеңесінің төрағасы, "БузгулАурум" компаниясының құрылтайшысы Бақытжан Кенжебаев пен "БузгулАурум" директоры Азат Найзағарин да ұсталған.
2013 жылы 22 тамызда "МЖЗҚ жинақтаушы зейнетақы қоры" БЖЗҚ болып қайта тіркелген. БЖЗҚ-ның құрылтайшысы және акционері қаржы министрлігі мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің атынан Қазақстан үкімет саналады. БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін Ұлттық банк басқарады.
Қазақстан заңдары бойынша, жұмыс істейтін азаматтар ай сайын айлық табысының 10 пайызын БЖЗҚ-ға аударып отыруға міндетті. БЖЗҚ-да 10 миллион дербес зейнетақы есепшоты тіркелген. Өткен жылғы желтоқсан айының басындағы есеп бойынша, зейнетақы қорының активтері 6,6 триллион теңгені (19 миллиард доллардан астам) құраған.
Дереккөз: Азаттық