Қазақстан Иранды әлемдегі маңызды әріптестерінің бірі, Каспий жағалауындағы тату көршісі ретінде қарастырады. Бүгін Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Роуханидың елімізге мемлекеттік сапары аясында Ақордада өтіп жатқан кеңейтілген құрамдағы кездесу барысында ҚР Президенті Н.Назарбаев осылай мәлімдеді.
Ең алдымен Елбасы мәртебелі мейманның елімізге келген қадамына құтты болсын айтып, сапарына сәттілік тіледі.
«Бұл біз үшін аса маңызды оқиға. Өзіңізбен бірге осындай кең ауқымды делегацияны ертіп келдіңіз. Бұл бізге деген Сіздің көңіліңіз, бұған ризашылық білдіреміз. Қазақстан Иран Ислам Республикасын өзінің әлемдегі маңызды әріптестерінің бірі, Каспий жағалауындағы тату көршісі ретінде қарастырады», - деді Елбасы.
Сонымен қатар Президент Иран елінің алдында тұрған үлкен проблема - ядролық бағдарлама мәселесінің жеңіспен аяқталатынына, келісімге жететіндігіне сенім білдірді.
«Бұлар Иран мемлекетінің экономикасының дамуына, біздің қарым-қатынасымызға зор септігін тигізетіні белгілі», - деді Н.Назарбаев.