Сабильянов су құйынуға дайын

Жаңалықтар
09.09.2014, 13:04

Қоғамға қажетті болса, әлеуметтік көмекке зәру адамдарға осы шара арқылы шын көмек көрсетілетін болса, Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабилянов басына мұздай суық су құю акциясына қатысуға дайын. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің брифингісіне қатысқан депутат журналистердің сұрақтарына жауап беру барысында мәлім етті, деп хабарлайды Bnews.

«Қоғамға қажетті болса, әлеуметтік көмекке зәру адамдарға осы шара арқылы көмек көрсетілетін болса, мен ондай акцияларға қатысуға дайынмын. Бірақ, бәріміздің басымызға суық су құю керек немесе бәріміз бірдей бір нәрсені қайталау керекпіз деген сөз емес. Негізі, егер де біз қоғамдағы әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға болсын, балалар үйіндегі балаларға болсын, жалпы көмек көрсеткіміз келсе, оны шын жүректен істеуіміз керек», - дейді Н.Сабилянов.

Бұл ретте Мәжіліс депутаты 1992 жылдан бері қайырымдылық шараларына қатысып келе жатқанын, бірақ оны ешкімге жар салып, жарнама жасамайтынын айтты.

Ал басына суық су құйып жатқан әріптестері мен танымал адамдардың әрекетіне қандай көзқарас танытасыз деген журналист сұрағына депутат: «әріптестерімнің жасап жатқаны дұрыс не дұрыс емес деп ештеңе айта алмаймын. Олардың өз ойлары, өз пікірлері сондай», - деп қысқа қайырды.

 

Сұхбат

PhotoRoom