Өзбекстанда ОҚО фарм өнімдерінің сауда үйі ашылады

Жаңалықтар
27.03.2017, 18:19

321Мұндай келісімге өткен аптада Өзбекстан Республикасының Президенті Шавхат Мирзиеевтың Қазақстанға мемлекеттік сапары шеңберінде Астанада өткен қазақ-өзбек бизнес форумында екі жақты меморандумға қол қою нәтижесінде келді.

Екі елдің 500-ге тарта кәсіпкері мен ұлттық компания және мемлекеттік ұйым өкілдері қатысқан бизнес-форум барысында В2В форматында келіссөздер жүргізілді.

Оның ішінде, Оңтүстік Қазақстан фармацевтикалық кластер қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Б.Нұрмашев, ал өзбекстандық тараптан «Узфармсаноат» мемлекеттік акционерлік концерн басқарма төрағасы М.Дусмуратов кәсіпорындар арасындағы өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Нәтижесінде, Ташкент пен Шымкент қаласында екі елдің фармацевтика компанияларының өнімдері сатылатын сауда үйі ашылмақ. Яғни, Өзбекстанда ашылатын сауда үйінде ОҚО фармацевтика компанияларының өнімдері сатылса, Шымкент қаласында ашылатын фарм сауда үйінде өзбекстандық фарм өнімдері саудаланады.

Айта кетейік, республикадағы өндіріліп жатқан фармацевтикалық препараттардың жартысына жуығы Оңтүстіктің үлесінде. Яғни, Қазақстанда фармацевтика кластері дамыған бірден-бір өңір Оңтүстік екені анық.ON_ONIM-LOGO

Осылайша, қос тарап өкілдерінің арасында құны 840 миллион доллар болатын 92 келісімшартқа қол қойылды. Жиынның соңында құны 94 млн. АҚШ доллары болатын тағы 10 құжатқа қол қойылды.

Екі жақтың арасындағы сауда-саттық пен ынтымақтастықты нығайтатын аталмыш форумға Өзбекстанмен шекаралас жатқан Оңтүстік Қазақстан облысынан 21 кәсіпкер мен ОҚО кәсіпкерлер Палатасының өкілдері қатысты.

Айта кеткен жөн, Өзбекстан тарапы елімізге химия тауарлары, электротехника, шарап, тері, аяқ киім жөнелтуді көздеп отыр. Ал Қазақстан көрші мемлекетке алюминий қорытпасы мен металл прокатын сатуға ниетті. Бұл жобалардың құны шамамен 30 миллион долларға тең болады.

Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 1,5 миллиард доллардан асқан. Оның ішінде, Оңтүстік Қазақстаннан Өзбекстанға экспортталған тауарлардың құны өткен жылы 274 млн. АҚШ долларын құраса, аталған республикадан өңірімізге импортталған өнімдердің қаржысы 375 млн. АҚШ долларына жеткен.

Сарапшылар алдағы үш жылда бұл көрсеткіш 5 миллиард долларға жетуі әбден мүмкін деп болжайды.

Сұхбат

PhotoRoom