Шағын құрамдағы келіссөздер барысында қазақ-иран өзара ықпалдастығын бұдан әрі дамыту мен нығайтудың негізгі жолдары мен тетіктері талқыланды. Атап айтқанда, экономика, энергетика, инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл шаруашылығы және көлік-транзиті салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қозғалды.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев пен Хасан Рухани өзекті халықаралық тақырыптар төңірегінде пікір алмасты.
Ел Президенті Қазақстан мен Иранның арасындағы қарым-қатынастар әрдайым тұрақты дамып келгенін және бүгінгі таңда бұл ынтымақтастықтың дамуына қажетті зор әлеует бар екенін айтты.
Иран Президенті Х.Рухани өз кезегінде иран тарапының Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуға баса мән беретінін атап өтті.
Тараптардың кеңейтілген құрамдағы кездесуі кезінде Мемлекет басшысы Қазақстанның Иран Ислам Республикасын әлемдегі ғана емес, Каспий өңірі бойынша да маңызды серіктес ретінде қарастыратынын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев Иранның ядролық мәселесінің де шешімін табатынына және осы елдің экономикасының дамуына септігін тигізетіндігіне сенім білдірді.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Иран Президентінің мемлекеттік сапары мен осы сапар аясында жоспарланған Қазақстан-Иран бизнес форумы екі елдің арасындағы экономикалық ынтымақтастықты жаңа сапаға көтеруге мүмкіндік беретінін айтты.
- Елдеріміздің арасындағы тауар айналымының шамалы төмендегеніне қарамастан, өзара экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі көрсеткіштері жаман емес. Екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында Қазақстан-Иран сауда үйін ашуды ұсынамын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент Хасан Рухани Иран Ислам Республикасы Қазақстанмен қарым-қатынастарын дамытуға мүдделі екенін, бұны иран делегациясының құрамында жеке бизнес өкілдерінің болуы айғақтай түсетінін айтты.
«Иран мен алтылық елдері форматындағы ядролық мәселелер жөніндегі келіссөздер баршамыздың бақылауында тұр. Жалпы Иранның ядролық бағдарламасы аясындағы қазіргі келіссөздер барынша маңызды. Бұның нәтижесінде тиімді шешімдер қабылданып, Иран елінен санкциялар алынатын болса, онда ең алдымен Иранның өз жағдайы көтерілетін болады», - деді Н. Назарбаев. Елбасының айтуына қарағанда, Иран дүниедегі мұнай қорында үшінші орында тұрса, газ қорынан әлемде бірінші орында тұр.
«Осының барлығы Иран халқының жағдайын көтеруге жақсылық жасайтын еді, елдің экономикасы көтеріліп, сауда-саттық жанданатын еді. Сондықтан, мен Иранның жүргізіп отырған келіссөздеріне үлкен табыстар тілеймін. Бұған қай уақытта да атсалысуға, Қазақстан келіссөздер үшін өз аумағын ұсынуға әрқашан дайын», - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан-Түркіменстан-Иран-Парсы шығанағы теміржолы 2014 жылғы қарашадағы бірінші онкүндікте ашылады. Бұл туралы бүгін Ақордада Иран Ислам Республикасының (ИИР) Президенті Хасан Руханидың қатысуымен кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейінгі
бірлескен баспасөз мәслихатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.
«Біз екіжақты қарым-қатынастар бойынша нақты келісімдерге қол жеткіздік. Әсіресе, Каспий теңізінде салып жатқан терминалдар жайында сөз қозғадық. Қазақстан-Түркіменстан-Иран-Парсы шығанағы теміржолы пайдалануға берілгеннен кейін біздің азық-түлік, бидайымызды саудалау мүмкіндігі бес есеге артады. Яғни, қазіргі кездегі 500 мың тоннадан кейін 2,5 млн. тоннаға дейін өседі. Теміржол он миллион тонна жүкті тасымалдау мүмкіндігін ашып отыр және бұл өте маңызды», - дедіПрезидент.
Осы орайда Елбасы Иран тарапы осы жол арқылы ресейлік және қытайлық кеңістікке, ал Қазақстан Парсы шығанағының барлық мемлекеттеріне шыға алатындығын атап өтті.
«Біз теміржол саласынан бөлек бүгінгі кездесу барысында автокөлік жолдарына арналған келіссөздер жасадық. Қазақстан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік желісін аяқтап келеді. Ал бұл автобанды Иран да өз тарапынан пайдалана алады», - деді Н. Назарбаев.
Мемлекет басшысының пайымынша, Қытай шекарасынан Каспий теңізіне дейін жететін осы транзиттік дәліздің екі ел үшін де маңызы зор. Биыл аталған халықаралық автожолдың 1200 шақырымы аяқталады.
«Осының өзі Иранның өз тауарларымен Қазақстан арқылы Қытайға, Ресейге шығуына үлкен мүмкіндік туады. Бұл бұған дейін болмаған аса маңызды жаңалық әрі осының өзі бізге тауар айналымын жақсарта түсуге деген сенімді күшейтеді. Елдеріміз арасындағы саудалық әріптестікті арттырады», - деді Мемлекет басшысы.
«Қазақстанның халықаралық бастамаларын ирандық тараптың қолдауы маңызды. Біз 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақсыз мүшесі болғымыз келеді және Иранның қолдауына алғысымызды білдіреміз», - деді Елбасы.
«Мен Иран тарапын Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуға шақырдым», - деп тоқталды Н.Назарбаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан мен Иран жоғары деңгейдегі бірқатар шараларға қатысуды жоспарлап отырғандығын жеткізді.
Сөз соңында Елбасы Хасан Руханидың сапары мен келіссөздер қорытындысы бойынша қол қойылған құжаттар екі елдің қарым-қатынастарын жаңа деңгейге шығаруға серпін беретіндігін атап өтті.