Бұл туралы Оңтүстік қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев Германия Федеративті Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Йорн Розенбергпен кездесу барысында неміс кәсіпкерлеріне ұсынды.
Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысына өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерімен танысуға Германия Федеративті Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Йорн Розенберг бастаған германиялық делегаттар келді.
Екі елдің экономикасының әр түрлі саласында ынтымақтастық орнату мен дамыту мәселелерін талқылау мақсатында өңірге келген мәртебелі меймандармен облыс әкімі кездесіп, өңірде жүзеге асыруға болатын бірқатар жобаларды атап өтті.
Мәселен, әкім Германияның бас консулына Түркия еліндегідей немістің екі автошина шығаратын зауыты мен «Merсedes» маркалы ауыр жүк көлігін (ФУРА) шығаратын машина құрастыратын зауытының филиалын Оңтүстік өңірінде де ашуға болатынын айтты.
«Бүгінде мемлекет шетел инвесторларына көптеген мүмкіндіктерді қарастырып отыр. Ал ауыл шаруашылығы мен шағын кәсіпкерлік саласы жолға қойылған Оңтүстік Қазақстан инвестиция салуға қолайлы өңір болып табылады. Екі жақтың ынтымақтастығын арттыру, қазақ-неміс кәсіпкерлері тәжірибе алмасып, серіктес болуға мүмкіндік тудыратын бизнес-форум өткізу қажет. Германияның түрлі салада тәжірибесі мол екенін ескере отырып, белсенді байланыс орнатуға ниеттіміз»,- деді Ж.Түймебаев.
Шымкент қаласына жасаған екі күндік жұмыс сапарында германиялық кәсіпкерлер ОҚО кәсіпкерлік Палатасында, «Ontustik» туристтік-ақпараттық орталығында және «Тассай», «Оңтүстік» индустриалды аймағы мен арнайы экономикалық аймақта орналасқан кәсіпорындарда болып, ондағы жұмыспен танысты.
Делегаттар құрамында Орта Азиядағы Германияның экономикалық өкілдігінің орынбасары Г.Жунусалиева, «Robert Bosch» ЖШС-нің директоры В.Коломыцын, «SEW-EURODRIVE» компаниясының өкілі мен «Виртген Қазақстан» кәсіпорынның бас директоры А.Елгонов бар.
Бүгінде Қазақстан мен Германия арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық қарым-қатынас жоғары. Германия Еуропалық одақта Қазақстанның басты серіктесі болып табылады. Ал, Оңтүстік Қазақстанда бүгінде германиялық кәсіпкерлердің қатысуымен инвестиция көлемі 52 млрд. теңге болатын 3 жоба жүзеге асырылуда.