Әблязовтың ісіне қатысты жаңа деректер пайда болды

Жаңалықтар
03.04.2017, 15:07

13Алматының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында БТА банкініің бұрынғы басшысы мен қаржы институтының бұрынғы топ-менеджерлеріне қатысты сот отырысы басталды. Сотталушылардың бірі - БТА банкі басқарма төрағасының бірінші орынбасары, кредиттік комитеттің бұрынғы төрағасы Жақсылық Жарымбетов кінәсін толықтай мойындады.

Прокуратура өкілдері айыптау актісін оқып берді. Жалпы, ведомство мәліметінше, Әблязовтың ұйымдасқан қылмыстық тобында 100 адам болған. Олардың ішінде БТА банкінің қызметкерлері, сондай-ақ, еншілес компаниялардың басшылары, Қазақстан, Ресей, Украина, АҚШ және басқа да батыс елдерінің азаматтары болған.

Сот алдына БТА банкінің бұрынғы үш топ-менеджері - басқарма төрағасы Сәдуақас Мәмеш, БТА банкі басқарма төрағасының бірінші орынбасары, кредиттік комитеттің бұрынғы төрағасы Жақсылық Жарымбетов пен несиелеу мәселесі жөніндегі директор Қайрат Садықов келді. Ал Әблязовтың өзі сот отырысына қатыспады. Сот отырысы Әблязовсыз өтетін болды. Оның мүддесін тағайындалған мемлекеттік адвокат қорғайды.

Сот барысында Мәмеш пен Садықтың кінәсін толықтай мойындамағаны белгілі болды. Осыған байланысты сот дәлелдерді зерттеуге кірісті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының мәліметінше, Әблязов келтірген шығынның көлемі 7,5 миллиард доллардан асқан.

Сондай-ақ, осыған дейін Әблязовтың сырттай сотталатыны хабарланған еді. "Мұхтар Әблязовқа, Жақсылық Жарымбетовқа, Қайрат Садықовқа және Сәдуақас Мамешке қатысты бас сот отырысы Алматыдағы Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотта 2017 жылдың 3 сәуірінде сағат 10.00-де ашық тәртіпте өтіп, сот өндірісі орыс тілінде жүргізілсін", - деген еді Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Мартпек Кәкімжанов.

Айта кетейік, істе 2 224 том бар, айыптау тізімінде 205 куәгер бар.

Осыған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының баспасөз қызметі жымқырылған қаражаттың халықтың зейнетақы жинағы екені дәлелденген хабарлаған еді. "Тергеуден жымқырылған қаражаттың халықтың зейнетақы жинағы екені, Қазақстан азаматтарының жеке жинағы екені және шетелдік қаржы институттарының қарызы екені нақтылы анықталды", - делінген Ұлттық бюроның хабарламасында.

Еске сала кетейік, 2017 жылдың 2 ақпанында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы жауап алу үшін Мұхтар Әблязовті Астанаға шақырған болатын. "ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы "БТА Банк" АҚ бұрынғы топ-менеджменті М.Қ.Әблязовқа, Ж.Д.Жарымбетовке және өзгелерге қатысты қылмыстық істің соталды тергеуін жалғастырып жатыр. Тергеу барысында Антикоррупция қызметі Әблязов пен оның сыбайластарының заңсыз әрекеттерінің қосымша дәлелдерін тапты. Банктен қаражатты жымқырудың жаңа нұсқалары ашылды. Анықталған деректер Әблязовтің қылмыстық ұйым құрып, оған басшылық еткен деген қосымша күдік келіп отыр. Оның ішінде бірқатар ұйымдасқан қылмыстық топ кіреді, топ Қазақстан территориясында да, шетелде де әрекет еткен", - делінген еді ведомство хабарламасында.

tengrinews.kz

Сұхбат

PhotoRoom