Арыстанбек Мұхамедиұлы: Елімізде мемлекеттік тілді меңгерген халық үлесі 80 пайызға жетті

Жаңалықтар
04.04.2017, 11:49

122016 жылы Қазақстанда мемлекеттік тілді меңгерген халық үлесі 82 пайызды құрады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында мәдениет және спортминистрі Арыстанбек Мұхамедиұлы баяндады.

Министр 2014 жылы мемлекеттік тілді меңгерген халық үлесі 72,1%-ды құраса, 2015 жылы 76,3%-ға жеткенін айтып өтті. Қазіргі таңда «Қазтест» жүйесі негізінде қазақ тілін білу деңгейін анықтау жыл сайын артуда. 2016 жылы тестілеуден өткендердің жалпы саны – 73 732 адамды, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер саны шамамен 40 000 адамды (53,5%) құраған.

«Мемлекеттік бағдарлама аясында 2014-2016 жылдар аралығында оқу-әдістемелік құралдар, әлем әдебиеті классиктерінің шығармалары, танымдық, ғылыми-публицистикалық, балаларға арналған кітаптар және т.б. қоса алғанда, барлығы шамамен 88 баспа жобасы жарық көрді. Оның ішінде өзге тілдерде шығарылған жобалар саны – 24. Сонымен қатар мемлекеттік тілді үйретудің жаңа әдістемелері «Қазақ сөзі» оқу құралдары әзірленді», - деді А. Мұхамедиұлы.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардағы мемлекеттік тілдегі құжат айналымының үлесі 91%-ды құрады. Сонымен қатар, елімізде 87 аймақтық қазақ тілін оқыту орталықтары жұмыс жасайды.

«Дегенмен, статистикалық-есеп және қаржылық құжаттамалардың мемлекеттік тілге ауыспау фактілері бар», - деді министр.

Еске сала кетейік, Қазақстанда тіл саясаты «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңына, Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады.

 

Сұхбат

PhotoRoom