ОҚО-да Солтүстік өңірлерінің бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Жаңалықтар
04.04.2017, 19:39

SAM_5758Оңтүстік Қазақстан облысында еліміздің Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарынан келген бір топ делегация түрлі бағдарламалар аясында халықпен кездесулер өткізуде. Теріскейлік 60-тан астам өкілдің қатысуымен болған жиындар кешелі бері Мақтаарал мен Сарыағаш аудандарында ұйымдастырылып жатыр. Онда жұмыссыздарға арналған «Өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» мен мектеп бітіруші түлектер үшін «Серпін» бағдарламасы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Делегация құрамы облыс әкімдерінің орынбасарлары, ауыл округі әкімдері, жұмыспен қамту саласының өкілдері мен жұмыс берушілерінен тұрады.

«Солтүстік Қазақстан облысында 7 млн гектардан астам жер бар. Бұл бүкіл Қазақстан бойынша ең үлкен егістік жер бізде деген сөз. Дегенмен, біздің өңір еңбек күшінен тапшылық көруде. Дәл сол себепті 300 мың тұрғыны бар Мақтаарал ауданынан жұмыс іздеген азаматтарды облысымызға тартқымыз келеді. Ол үшін арнайы бағдарламалар бар. Біздің ұсыныстарымыз ұнап, жұмыс істеу үшін солтүстікке көшетіндерге үй, жер беріліп, кәсібі, шаруашылығы әрі қарай дамуы үшін түрлі көмектер көрсетеміз. Сондай-ақ, педагогикалық, техникалық т.б. мамандықтар бойынша бос орындар көп. Былтыр ОҚО-дан 200-дей отбасы көшіп барды. Бүгінде олар өздерінің отбасылық кәсібін дамытып, қанаттарын кеңге жайып отыр» – деді СҚО-ның Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Алтынбек Абдоллаев көпшілікпен болған кездесуде.

Теріскейдің өкілдері Мақтаарал ауданында 1000-нан аса аудан тұрғындарына ауыл шаруашылығы, педагогика, техника т.б. салалар бойынша бос жұмыс орындарын ұсынып, «Серпін» бағдарламасы бойынша солтүстік өңірлердің жоғары оқу орындарында грантпен оқи алатындығы жөнінде 200 жасқа түсіндіріп берді. Нәтижесінде, 97 мақтааралдық азамат отбасымен солтүстік өңірлерге көшуге ниет білдіріп отыр.

Сарыағаштың халқымен өткен кездесу де өз жемісін берген. 500-ге жуық аудан тұрғынымен болған жәрмеңкеге 600-ден астам жұмыс беруші қатысып, 800-ге жуық бос жұмыс орындарын ұсынды. Жиын нәтижесінде, сарыағаштық 124 отбасы Қостанай, Павлодар, СҚО және ШҚО-ға қоныс аударуға ниеттенді.

Еске салсақ, Сарыағаш ауданынан Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарына «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 2015 жылы 12 отбасы, 2016 жылы 59 отбасы, жалпы 71 отбасы (306 жанұя мүшелерімен) қоныс аударды. Қоныс аударған азаматтар сол өңірлерден жеке тұрғын үй алып, отбасының жұмысқа жарамды азаматтары толығымен жұмыспен қамтылған.

Айта кетейік, өңіраралық бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ертең, 5 сәуір күні Шымкент қаласында жалғасын табады.

Сұхбат

PhotoRoom