Шараға ОҚО қалалары мен аудандарының әкімдері, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының, жұмыспен қамту орталықтарының, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары және тағы да басқа тараптар қатысты.
Вице-министр, өз сөзінде, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап, елімізде сұранысқа ие кәсіптерге және кәсіпкерлік негіздеріне жаппай оқыту және дағдыларды үйрету, несиелендіру арқылы жаппай кәсіпкерлікке жағдай жасау, жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу мен еңбекке жұмылдыруды қолдау арқылы еңбек нарығын дамыту көзделетін «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын жүзеге асыру қолға алынғанын еске салды.
Бағдарламаның алғашқы бағыты аясында 2,5 жыл оқу мерзімімен колледждер ауқымында тегін кәсіби-техникалық білім беру ұйымдастырылып, бұл жерде бәрінен бұрын, мектепті аяқтаған соң оқу орнына түспеген жастар назарға алынбақ. Биыл техникалық және кәсіби оқуға 21 мыңнан астам жас қазақстандық ілігеді деп күтілуде.
«Мемлекет, оқуға кететін шығындарды толық жауып, шәкіртақы төлейтін болады. Жол мен тұру қаражаты да өтеліп, техникалық және кәсіби білім беру нысандарында оқитындарға бір реттік ыстық ас беріледі», - деп атап өтті Біржан Нұрымбетов.
Сонымен қатар, колледждер, «Атамекен» ҰКП оқу орталықтары және кәсіпорындардың оқу орталықтары аясында кәсіби оқытуға арналған қысқа мерзімді курстар өткізілмек (1-ден 6 айға дейін).
Алыс ауылдық жерлерде тұратын азаматтарға сабақтардың қолжетімді болуы үшін, мобильді оқу орталықтары ұйымдастырылмақ: Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Қостанай облыстарында арнайы дәрісханалары бар жылжымалы кешендер түрінде; шалғай ауылдық жерлердегі аз сыйымдылықтағы мектептер ауқымында; жұмыс берушілер мүмкіндігін пайдалана отырып.
«Назар аударарлық жайт, егер бұрын тек жұмыс берушілердің өтінімдері арқылы оқытып келсек, енді тәжірибесі мол өз ісінің шеберлерін оқу үдерісіне тарта отырып, сұранысқа ие кәсіптерге оқытатын боламыз», - деді вице-министр.
Біржан Нұрымбетов, Бағдарлама қатысушыларына несие, қалалық жерлерде «Даму» қоры арқылы, ауылда және шағын қалаларда Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры мен Аграрлық несие корпорациясы арқылы берілетінін хабарлады. Несие сомасы 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін өскен (18 млн теңгеге дейін) және мерзімі 5 жылға дейін (мал маруашылығы мен ауылшаруашылық кооперативтеріне – 7 жылға дейін). Жылдық мөлшерлемесі – 6% шамасында. Осымен бірге, несие беру кезінде Аграрлық несиелік корпорациясы арқылы несиелерді кепілдендіру тетігі енгізілген: бастауыш кәсіпкерлерге 85% және кәсібі қызмет етіп тұрған бизнес иелеріне 50% маңайында.
Бағдарламаның үшінші бағытында жекелеген азаматтар санатын жұмысқа орналастыруда нақты қолдауды күшейту, еңбек ресурстарын жұмылдыруды көтеру және еңбек нарығының инфрақұрылымын дамыту мақсат тұтылуда.
«Біз, жастар тәжірибесі, әлеуметтік жұмыс орындары және қоғамдық жұмыстар тәрізді жастар мен әйелдер және мүмкіндігі шектеулі жандар арасында сұранысқа ие құралдарды қолдануды жалғастыратын боламыз. Еңбек ресурстарын жұмылдыруды арттыру мақсатында, ҚР Үкіметі анықтаған өңірлерге ерікті түрде қоныс аударатын азаматтарды мемлекеттік қолдау межеленуде. Анығырақ тоқталсақ, оларға, жол мен жүк тасу шығындарын өтеуге арналған және бастапқы бейімдеу қаражаты беріледі. Биыл 2,7 мың азаматтың қоныс аударуына субсидия төлеу жоспарлануда», - деп ақпараттандырды вице-министр.
Осы жылы бағдарламаны жүзеге асыруға арналған бюджет қаржысы 85,3 млрд теңгені құраса, оның ішінде 12,1 млрд теңге Оңтүстік Қазақстан облысына бөлінген. Өңірде бағдарламаны жүзеге асыру аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 21,1 мыңнан астам адамды қамту жоспарланып отыр.
«Жұмыссыз және өзін өнімсіз жұмыспен қамтыған азаматтарға ерекше көңіл бөлінеді. Біздің министрлік, ресми статистика мағлұматтарын арқау ете отырып, ауылдық елдімекендер бойынша осы санатқа жататын адамдар тізімін жасақтады. Сәйкес тізімді барлық өңірге жібердік. Ауылдық елдімекендер әкімдері қысқа уақыт аралығында олардың мәртебесін анықтау жөнінде жұмыс жүргізуі, яғни аталған адамдардың жұмыссыздар немесе өнімсіз жұмыспен қамтылғандар екенін бағамдауы керек. Әр азаматтың мәртебесін анықтау арқылы, жұмыссыз және өзін өнімсіз жұмыспен қамтығандарды белсенді жұмыспен қамту шараларына тартып, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына мемлекет жарна аударатын адамдар санын нақты анықтай аламыз», - деп түйіндеді Біржан Нұрымбетов.
Семинар-кеңестен соң, Біржан Нұрымбетов, Шымкент қаласының халыққа қызмет көрсету мен жұмыспен қамту орталықтарында болды.