ОҚО-да «Жастар корпусын дамыту» пилоттық жобасы түсіндірілді  

Жаңалықтар
06.04.2017, 19:55

fe0c13ac-b67c-4e14-9ee6-f8010120e904ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Халықаралық қайта құру және даму банкінің қолдауымен іске асырылып отырған «Жастар корпусын дамыту» жобасының жүзеге асырылуы туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков, Үйлестіру агенттігінің басшысы Вера Ким мен үйлестіру агенттігінің ресми өкілі Максим Рожин баяндады.

Жастар саны бойынша көш бастайтын Оңтүстік Қазақстан облысының жастары үшін үлкен қолдау екенін айтқан облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібеков аталған жоба Қазақстанның 4 өңірінде, яғни, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Павлодар және Қарағанды облыстарының аумақтарында 2 жылдық пилоттық жоба аясында жүргізілетін жеткізді.

Сонымен қатар, ол облыста жобаның кординаторы болып «Ауыл жастары Одағы» корпоративтік қорының өкілі Сабира Байзақова бекітілгенін және облыстық «Жастар ресурстық орталығынан» арнайы бөлме бөлініп, қажетті материалдармен толық жабдықталғанын атап өтті.

Сондай-ақ, брифингте сөз алған Үйлестіру агенттігінің басшысы Вера Ким Дүниежүзілік банк Жастар корпусын дамыту жобасын қаржыландыру үшін 20 млн. АҚШ доллары көлемінде  грант бөлетінін мәлім етті.

Оның айтуынша, жобаның мақсаты - жастарды әлеуметтендіру, әсіресе аз қамтылған халық тобын қоғамдық пайдалы істерге жұмылдыра отырып, ынталандыру.

«Жоба Қазақстанда алғаш рет іске асырылуда. Еліміздің жастары үш-бес адамнан топтасып, әлеуметтік жоба әзірлеп, оны конкурстық комиссияға ұсыну қажет. Жүргізілген іріктеудің қорытындысы бойынша жастар бес айлық курстарға жіберіледі. Жастарға жұмысты немес оқуды тастау қажет емес. Кешкі алтыға дейінгі сегіз сағаттық жұмыс күні болса да, олар демалыс күндері және кешкі уақытта білім ала алады. Курс соңында әлеуметтік жобаларды одан әрі дамыту үшін гранттар беріледі. Ең жоғары грант сомасы - 1000 000 теңге»,-деді Вера Ким.

Өз кезегінде сөз алған үйлестіру агенттігінің ресми өкілі Максим Рожин аталған пилоттық жобаға осы жылы 4 облыстан 3 000 адамды қамту, ал, іске асырылудың үш жылы ішінде 8 500 шамасында азамат қатысатыны жоспарланып отырғанын айтты. Сондай-ақ, ол жобаға 18-ден 29 жасқа дейінгі жас қатыса алатынын мәлім етті.

Айта кетейік, 2017 жылғы сәуірден бастап жобаға қатысу үшін өтінім ұсынуға, сондай-ақ өтінім ұсынудың шарттарымен және рәсімдерімен толығырақ zhasproject.kz ақпараттық порталынан танысуға болады. Сонымен қоса, ақпаратты +7(7172)50-07-71телефоны бойынша немесе press@zhasproject.kz электрондық поштасына жазу арқылы алуға болады.

 

Сұхбат

PhotoRoom