ОҚО-да көктемгі су тасқынына тосқауыл шаралары талқыланды

Жаңалықтар
07.04.2017, 17:32

b902d550-68f4-4785-97d5-7687c39ef3faКөктемгі мезгілде болуы ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу қажет. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібековтың төрағалық етуімен өткен төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою жөніндегі мәжілісте айтылды.

Жиында ОҚО ТЖ департаментінің бастығы Нұрболат Дербісов облыс көлемінде су тасқындарының алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар мен қалыптасып отырған жағдайлар жөнінде баяндады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда облыс көлеміндегі 43 су қоймасының  тоғызы 100 пайызға толып, транзиттік режимге көшірілген. Яғни бұл дегеніміз  су қоймаларының нөсерлеп жауған жауын-шашын мен таудағы қардың ерінді суларын қауіпсіз қабылдап өткізу мүмкіндігін төмендеткен.

Су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою үшін бұл бағыттағы жұмыстар басталып жүйелі жүргізіліп жатқанын жеткізген Нұрболат Бекболатұлы су қоймаларда қауіпсіз режимді сақтау барынша күшейтілгенін алға тартты.

«Мәселен, Жамбыл облысында жауған қатты жауын-шашын мен таудағы қардың еруі салдарынан 30 наурызда Жуалы ауданынан бастау алатын  Боралдай өзенінің суы 375 см-ге көтеріліп, Боралдай елді мекенінің тұсында ағысы секундына 250 текше метрді құраған. Жергілікті әкімдік пен  полиция, өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері тұрғындармен бірігіп қорғаныс дамбаларының осал жерлерін  көтеріп, нығайтып, тәулік бойы қауіпті жерлерге кезекшілік ұйымдастыру сияқты атқарылған жұмыстар арқасында  біз үлкен тасқын суды өткізіп, Түлкібас ауданындағы бірнеше елді мекендерді су басудан қорғадық»,-деді Н.Дербісов.

Боралдай өзенінің тасқын суы  31 наурыз күні Арыс өзеніне қосылып, судың ағысы секундына 243 текше метр  жылдамдықпен өтіп, салдарынан Ордабасы ауданы аумағындағы «Батыс Европа-Батыс Қытай» тас жолының 2226 шақырымдағы Арыс өзенінің қашыртқы каналының үстінен өтетін көпірдің тіректерінің жан-жағын шайып, опырылып құлауына әкеп соқтырған. Қалыптасқан жағдайдан болуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Облыстық ТЖБ қызметкерлерімен жолға уақытша шектеу қойылып, қатынас Ордабасы ауданының Темірлан елді мекеніндегі жол арқылы жүргізілген. Осыған байланысты өзен арналарында қажетті шаралар атқару, барлық өзен сулары мен су қоймалары қатаң бақылауға алып, мониторинг жасау жұмыстары жүргізілуде.

Жиын барысында жағдайлардың жай жапсарын мұхият тыңдаған облыс әкімінің орынбасары өңірде болуы мүмкін тасқын судың алдын алу бойынша шараларды тыңғылықты орындауды жүктеді.

«Өңірдегі көктемгі су тасқынының ерекшеліктерін ескере отырып, оған жан-жақты дайындалмаса болмайды. Қала және  ауданға қарасты аумақтарда су басуы қауіпті жерлерде үнемі визуалды зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Су қашыртқы каналдар мен арықтарды қоқыстардан тазалап су өткізу қабілетін жоғарылату және су қоймаларында қауіпсіз режимді сақтауды басты негізге алу шарт»,- деді облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков.        

Жиынды қорытындылаған облыс басшысының орынбасары Ұласбек Сәдібекұлы тиісті мекеме басшыларына, сондай-ақ аудан әкімдеріне көктемгі су тасқынына  байланысты жағдайды күнбе-күн бақылап, мониторинг жасап, барлық қажетті шараларды қолға алуды тапсырды.

Сұхбат

PhotoRoom