Оңтүстік Қазақстан облысы іскерлік климатты қалыптастыруда республика бойынша үздік үштікте. Астана қаласынан кейін үшінші орынға тұрақтаған өңірдің шағын және орта бизнесті дамытудағы қарқыны жоғары. Бүгін оңтүстікқазақстандықтарға Қазақстанның кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша өкілі Болат Палымбетов осындай баға берді. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен өткен кездесуде кәсіпкерлік саласындағы өзге де өзекті мәселелер талқыланып, алдағы жоба-жоспарлар қаралды.
Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Қазақстанның кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша өкілі Болат Палымбетовпен кездесуінде оңтүстік өңірінің кәсіпкерлік саласында жиі көтерілетін проблемалық сұрақтарға жауап ізделді. Атап айтсақ, өңірдің іскерлік климатын қалыптастыру, көлеңкелі экономика мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, салық төлеу, жер телімдерінің берілуі сияқты өзекті мәселелер жөнінде сөз қозғалды. Республика бойынша "Атамекен" кәсіпкерлер палатасына шағын, орта және ірі бизнеске қатысты түскен арыз-шағымдардың басым бөлігі де осы мәселелер жөнінде тіркеледі. Өңір басшысы аймақта кәсіпкерлікке қажетті жер телімдеріне деген тапшылық туындап отырғанын жеткізді.
«Оңтүстік Қазақстан облысында бос жатқан бірде бір жер телімі жоқ. Облыс орталығындағы барлық коммерциялық жерлердің сатылып кеткенін жасыруға болмас. Сондықтан біз құрылысы ұзақ жылдар бойы тоқтап тұрған жер телімдерін анықтап шығып, қадағалауымыз қажет. Бұл ретте аудан-қалалардағы барлық жер телімдері тексеруден өтіп, олардың тиімділігін арттыру жолдарын ойластырған абзал», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
Қазақстанның кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша өкілі Болат Палымбетовтің айтуынша, оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлердің белсенділігі жоғары. Десек те, ол бірқатар түйткілдердің түйіні тарқатылмай отырғанын жеткізді.
«Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлік нысандары бойынша республикамызда алдыңғы үштікке кіреді. Мұндағы кәсіпкерлердің белсенділігі де жыл санап артып келеді. Бұл ретте жергілікті кәсіп иелеріне қолдау білдіріп отырған жергілікті биліктің де жұмысына оң баға беруге болады», деді Болат Палымбетов.
Басқосуда сондай-ақ, инвесторлар тартудағы көшкі-қон заңнамаларының бірқатар заңдылықтары мен мемлекеттік тапсырысты бөлу кезінде туындайтын құжатбастылық мәселелері де назардан тысқалған жоқ.