Ауыл шаруашылығына жас мамандар тартылады

Жаңалықтар
08.04.2017, 12:16

12Алматы облыс әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен Алматыда «Қазақ ұлттық аграрлық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Кеңеске қатысушылар алдымен беларусиялық агротехника көрмесімен танысты. Қазақ-Жапон инновациялық орталығында болып, екі елдің оқу орындары арасындағы іскерлік байланыстарға куә болды. Соның нәтижесінде биотехнология, нанотехнология, цитология, малдәрігерлік медицина, микробиология, агроинженерия, тағы басқа стратегиялық-технологиялық әдістердің жаңа үлгілері іске қосылған.

Университет жанынан «Фермерлер жоғары мектебі» құрылған. Мұнда  шаруа қожалықтарының жетекшілері білімін толықтырады. Жоғарғы мектепте уақыт талабына сай «Экстеншн» халықаралық моделі бойынша дәріс беріліп,  консалтингтік қызмет көрсетіледі.

Жиында Қазақ ұлттық аграрлық университеттің ректоры Тілектес Есполов есепті мерзім ішінде атқарылған істер туралы баяндады. Еліміздің аграрлық саласын жаңа талаптарға сай дамыту, тұрғындардың азық-түлік қажеттілігін толыққанды қамтамасыз ету, ол үшін жаңа технологияны меңгерген білікті кадрлар даярлау туралы мәселелерді кеңінен қозғады.

Жиында сөз алған Алматы облысының әкімі А. Баталов Жетісу аймағындағы ауыл шаруашылығы саласының даму бағыты жайлы айтып берді.  

- Елбасы өзінің биылғы Жолдауында аграрлық саланы экономиканың драйверіне айналдыру туралы айтты. Алматы облысында аграрлық саланың даму әлеуеті зор. Саланы одан әрі өркендету үшін ирригациялық жүйелерді ретке келтіріп, ауыл шаруашылығы өнімдерін жаңа технологиямен өңдейтін жаңа кәсіпорындар салуды, заманауи жылыжайлар тұрғызуды көздеп отырмыз. Асыл тұқымды мал өсіретін кешендер бой көтерді. Апорт өсіру жолға қойылып, қант қызылшасы қарқын алды, жүгері өсіру ісі жанданды, - деді өз сөзінде облыс басшысы.

Сонымен қатар нақты қолға алынатын инвестициялық жобаларға да тоқталып өтіп:

- Іле ауданының аумағындағы 500 гектардан астам жерге орналасқан «Береке» индустриалды аумағына Трансұлттық компанияларды инвестор ретінде тартуды көздеп отырмыз. Мәселен, осы аумақта ресейлік «Эко-культура» компаниясымен бірлесіп 60 гектар жерге жылыжай саламыз. Германиялық «Бауман Гмб Х и К» компаниясы қой етін өңдейтін кешен тұрғызады. Бізге осындай компанияларда жұмыс істейтін білікті мамандар қажет. Сондықтан біз білім-ғылым саласымен бірлесіп жұмыс атқаруды жөн санаймыз. Қазақ ұлттық аграрлық университетімен бірлесіп, «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен ауыл шаруашылығы мамандарын жұмысқа тартып, жас мамандардың әлеуетін ауылды жерлерге пайдалансақ, одан үлкен нәтиже шығады деп ойлаймын. Білікті жас мамандар үшін Алматы облысы үлкен өндірістік алаң бола алады. Олардың меңгерген білімін, машығын, инновацияларын біздің өңірде іс жүзіне асыруға мүмкіндік жасалады, - деді А. Баталов жиын соңында.

Сұхбат

PhotoRoom