Депутаттар мен министрлер арасында сенімсіздік бар ма?

Сараптама
11.09.2014, 11:28

Үкіметті ықшамдап, жинақы етуімен қатар, әкімшілік реформа аясында мемлекеттік басқару деңгейлерінің аражігін ажырату жұмысы жүріп жатқаны белгілі. Осыған байланысты заң жобасын өткенде Президент «шұғыл» деп жариялаған еді. Мәжіліс бүгін осы «шұғыл құжатты» бірінші оқылымда мақұлдады. Дегенмен депутаттардің бірі - «өтпелі кезеңде асықпайық» десе, екіншісі Үкіметтің депутаттарды қатыстырмай өз бетінше реформа жасағанына ренішті көрінді.

Тоқтала кететін жайт, құзыретті бөлу мақсатында Үкімет өзінің 2442 функциясының 1598-ін орталық атқарушы органға өткізбекші. Сосын орталық атқарушы органдардан жергілікті билікке, ары қарай облыстардан аудандарға өтетін өкілеттіктер де баршылық. Реформа аясында үкіметтік деңгейдегі кейбір шешімдер министрлерге беріліп, министрлер де өзара құзыреттігін қымтап жатыр. Мәселен, бензиннің шекті бағасын белгілеу Ұлттық экономика министрлігінен Энергетика министрлігіне өтеді. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінен, жергілікті атқарушы органдардан Әділет министрлігіне сот-медициналық, сот-наркологиялық, сот-психиатриялық сараптамаларын жүргізу функциялары өтеді.

Тұтастай алғанда, ендігіде әр министр өзі басқаратын салаға қажетті барлық өкілеттіктерге ие болып қана қоймай, қабылданған шешімдер үшін толықтай жауапкершілікті өз мойнына алады. Дегенмен депутаттардың біразы министрлер өз бетінше шешім қабылдайды дегенге сенбейтін тәрізді. Соның бірі - Азат Перуашев. «Бұл - өз алдына жеке тақырып. Өйткені мұнымен жұмыс барысында талай бетпе-бет келгенбіз. Мәселен, мемлекеттік өкілетті органның қызметін реттейтін заң қабылданса, онда меморган басшысының жауапкершілігі қаралатын тұста тек құзыретін ғана жазылады. Ал құзыреттің арғы жағы олардың құқығына ұласады. Айналып келгенде, ондай жауапты тұлғалар өздерінің қандай да бір әрекетінен келген шығын бойынша жауапкершілік қалыс қалады. Ендеше, бізге олардың әрекеттері үшін жауапкершілікті нақты жазуымыз керек қой?!», - дейді депутат Азат Перуашев.

Тоқтала кететін тағы бір жайт, үкіметтік реформа аясында орталық мемлекеттік органдардан жергілікті атқарушы органдарға құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жер ресурстарын басқару саласындағы өкілеттіктер берілетін болған. Ал депутат Тұрсынбек Өмірзақов: «Сіздер, сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан салаларды жергілікті органдарға беріп, өздеріңізге осы функцияның орындалу барысын бақылауды ғана қалдырып отырсыздар. Орталықта отырып, шалғайдағы атқарушы органның қызметін қалай бақылайсыздар, сонда?», - дейді заң жобасын әкелген министр Ерболат Досаевқа.

Басқару деңгейіндегі функциялардың қайта белгіленуіне орай, мәжілісмен Зағипа Балиева асықпай «жеті өлшеп, бір кесуді» жөн санайды.«Үкiметпен қандай да бiр нормативтiк-құқықтық актiлердiң сапасын, уақтылы орындалу және оларды қабылдау негiздiлiгi мәселесi туралы ойлануымыз қажет, өтпелi кезеңдер туралы ойлануымыз керек. Себебi қоғам бұл жұмыстың қандай мерзiм iшiнде атқарылатынын бiлуi тиiс», - дейдi Зағипа Балиева. Бұл ретте депутат жаңа нормативтiк-құқықтық актiлер, орталық мемлекеттiк органдар ведомство басшыларының нормативтiк-құқықтық бұйрықтары пайда болып жатқанын атап өтіп, мұның өте күрделi жұмыс екенін алға тартады. «Мұны екi айдың iшiнде орындау мүмкiн емес. Өтпелi кезеңнiң нақты мерзiмiн ұзартқан жөн болар. Мысалы, 2009 жылы үкiмет қаулыларының саны 10 мыңға жуық болған. Оның қайсысы ведомстволарға, орталық атқарушы органдар деңгейiне өтетiнiн нақты түсiну керек. Оларды қайта сараптаудан өткiзу қажет. Жергiлiктi атқарушы органдарға өтетiн көптеген функциялар заңмен шектелмейтiнi белгiлi», - дейді ол.

Ал Мәжіліс спикері Қабиболла Жақыпов Үкіметтің бірегей басқару құрылымын жасақтауға әсіресе депутаттар тарапынан қызығушылық та сұрақ та көп екенін алға тартады. «Мында отырғандардың барлығы тісқаққан «көкжалдар», олар бәрін көрген. Ал қазіргі біздегі Үкіметтің моделі жұмыс істемей тұр. Тіпті осында отырып-ақ мен министрліктердің өзі заңды бұзып отырғанын тап басып айта аламын»,- дейді спикер Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевқа қара айтқан сөзінде.

Дегенмен депутаттардың қанша жерден қапаланғанымен, «болар іс болып қойдының» кебі келіп тұрған секілді. Өйткені өкілеттіктің аражігін ажырату, құзыреттілікті бөлу мәселесі Елбасы Жарлығымен шешімін тауып-ақ қойған. Ендеше, мәжілісмендерге тек Үкімет ұсынған заң жобасын шұғыл қарап, қабылдау ғана қалып тұр.

Қанат Қазы

"Алаш айнасы"

Сұхбат

PhotoRoom