Кәсіпкерлерге тексерушілер мүлде бармауы тиіс

Жаңалықтар
11.09.2014, 12:23

2015 жылдың қаңтарынан бастап мерзімді тексерулер қауіптілігі жоғары салаларда сақталады. Бұл туралы Астанада «Қазақстан-2050» демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының отырысында Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.

«Бизнесті тексеру көлемі төмендейді. 2015 қаңтарынан бастап мерзімді тексерулер қауіптілігі жоғары салаларда сақталады. Осындай тәртіп атом энергетикасы, қару-жарақ айналымы, есірткі заттары, улы заттар салаларында, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік пен эпидемиологиялық маңызды және өрт қауіп бар нысандарға таралады», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, егер кәсіпкер заңнаманың барлық талаптарын орындаса, тексеруші органдар оған мүлдем бармауы тиіс.

«Тексерулердің басым бөлігі бүгінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарына тиесілі. Бұл тұрғыда субъектілердің 60 пайыздан астамы бақылаудың ең жеңіл режіміне көшіріледі, яғни тексерулер тек шағымдар бойынша жүзеге асырылған кезде жүргізіледі», - деді Б.Сағынтаев.

Бүгінде тексерулердің көбісі жалған шағымдар аясында жүзеге асырылады. Осындай әрекеттерді болдырмау үшін жоспардан тыс тексерулер жүргізудің негізі қайта қаралуда. Мұндай фактілер анықталған жағдайда бақылаушы органдарға қатысты қатаң шаралар қабылданады.

Сұхбат

PhotoRoom