ОҚО әкімі: Елбасының бағдарламалық мақаласы - мемлекеттік идеологияны анықтайтын басты құжат

Жаңалықтар
15.04.2017, 18:41

da9c1e07-6e12-4cd0-8a8c-2976e064ead3Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде облыс активімен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 12 сәуір күні жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы талқыланды.

Жиынға Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев, облыстық мәслихат депутаттары, аудан,қала әкімдері, облыстық басқармалар, аумақтық департамент, құзырлы орган басшылары және облыс ардагерлері, зиялы қауым мен БАҚ өкілдері жалпы саны 250-ге жуық адам қатысты.

Актив отырысын жүргізіп отырған облыс әкімі Ж.Түймебаев бүгінгі жиынның күн тәртібіне тоқталып, Елбасының кешегі жарияланған мақаласы – мемлекеттік идеологияны анықтайтын басты саяси құжат болып табылатынын айтты.

«Президентіміз үшінші жаңғыру үдерістерінің мақсаттары мен міндеттерін көрегендікпен нақтылай отырып, енді рухани жаңғырудың Жолдауы іспетті дүниесін жариялап, сәулесі бар саналарды дүр сілкіндіріп отыр. «Өткен ғасырдың басты үш идеологиясы – коммунизм, фашизм және либерализм біздің көз алдымызда күйреді», - дейді Елбасымыз өзінің мақаласында. Сондықтан да, Көшбасшы меңзегендей, бүгінде радикалды идеологиялар ғасырының келмеске кеткенін санамыз арқылы біржолата мойындауымыз керек»,-деді әкім.

Мақсат айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең озық отыз елдің қатарына қосылу екенін айтқан аймақ басшысы мақаладағы «Таяу жылдардағы міндеттер» деген екінші бөлімінде Елбасымыз бәрімізге, әрбір қазақстандыққа нақтылы міндеттер жүктегенін атап өтті.

«Президент нақты жобалар ретінде біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру, екінші, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға алу, үшіншіден, «Туған жер» бағдарламасын қолға алып, оның ауқымын «Туған елге» ұластыру, төртіншіден, жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын саналарға сіңіру үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жасау, бесіншіден, мәдениеттің бәсекелестік қабілетін қалыптастыру үшін «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыру, алтыншыдан, замандастарымыздың жетістіктер тарихына назар аудару үшін «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын қолға алу белгіленген.Мақалада көрсетілген маңызды мәселелерді жетік меңгеруге, бүкіл Оңтүстік тұрғындарына терең түсіндіруге тиіспіз»,-деді Ж.Түймебаев облыс активімен болан кездесуде.

Сондай-ақ, жиында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы бойынша Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы М.Байғұт, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті филология факультетінің деканы, профессор Б.Тілеубердиев, Шымкент қаласы, Ыбырай Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияның директоры Қ.Кәдірбаева, облыстық «Южный Казахстан» газеті бас редакторының орынбасары К.Исмаилов өз пікірлерін білдірді.

Елбасымыздың мақаласында атап көрсетілген мәселелерді негізге ала отырып облыс әкімі облыстың әлеуметтік - экономикалық дамуы мен саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бар күш - қайратымызды жұмсайтын боламыз деді. Президентіміздің мақаласында айтылған ой-пікірлерді жүзеге асыруда жан-жақты жұмылуды айтқан аймақ басшысы облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібекұлы мен облыстық ішкі саясат басқармасына мақаланы насихаттау бойынша ағымдағы жылдың соңына дейін облыстық және аудан, қалалық деңгейде іс-шаралар ұйымдастырып, желілік кесте әзірлеуді тапсырды.

Сонымен қатар, аймақ басшысы бұқаралық ақпарат құралдарында жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, жаңа тәсілдерді пайдалана отырып, әлеуметтік желілерде жұмысты күшейтуді айтты. Актив отырысын қорытындылаған әкім Елбасымыздың бұл мақаласын насихаттау, түсіндіру, жүзеге асыру - мемлекеттік органдарға ғана емес, жалпы қоғамға жүктелген міндет екенін жеткізді.

Отырыста күн тәртібіндегі екінші мәселе – Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының облыста жүзеге асырылу барысы бойынша облыс әкімі орынбасарларының баяндамалары тыңдалды.

 

Сұхбат

PhotoRoom