Түркия референдумы президенттің өкілетін кеңейтуді мақұлдады

Жаңалықтар
17.04.2017, 09:04

11Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған өзінің қызмет өкілетін кеңейтіп, елді президенттік басқару жүйесіне көшіруге мүмкіндік беретін өзгертулерді конституцияға енгізуге қатысты жексенбіде өткізілген референдумде жеңіске жеткені туралы жариялады. Бюллетеньдердің 99 пайызы саналған сәттегі биліктің ақпараты бойынша, дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 51,3 пайызы конституцияға өзгертулер енгізуді қолдаған. Түркия азаматтары жексенбідегі референдумде конституцияға енгізуге ұсынылған 18 өзгертуге қатысты пікірлерін білдірген еді.

Бұл реформа Ердоғанға 2029 жылға дейін билікте отыруына мүмкіндік береді. Референдумдегі жеңіс туралы сөзінде ол тұрғындар Түркия тарихында «маңызды реформаларға» байланысты «тарихи шешім» қабылдады деп мәлімдеген. Ердоғанның сөзінше, президенттің өкілеттігін кеңейтуге 25 миллион сайлаушы қолдау білдірген, бұл сан реформаға қарсы дауыс бергендерден 1,3 миллионға артық. Негізгі оппозициялық Республикалық халық партиясы бюллетеньдерді кемінде 60 пайызын қайта санауды талап еткен.

Сайлау комиссиясы өкілдері референдумге сайлаушылардың 86 пайызға жуығы қатысқанын, олардың 48 пайыздайы конституциялық реформаға қарсы дауыс бергені туралы хабарлады. Конституцияға енгізілген өзгертулер 2019 жылы күшіне енгеннен кейін елде премьер-министр қызметі қысқартылып, президент сот билігі тармағын бақылайтын болады. Сарапшылар Түркия мен Еуропа Одағы арасындағы күрделі қарым-қатынас бұрынғыдан да қиындап кетуі мүмкін деген болжам айтады.

Сұхбат

PhotoRoom