Мұнай бағасы Қазақстан экономикасына қалай ықпал етті?

Жаңалықтар
17.04.2017, 15:56

03Қазіргі жаһандық дағдарыс үш есе құлдырап кеткен қара алтын құнынан басталды. 2015 жылы бір баррель мұнай бағасы ә дегенде 107 доллардан 57 долларға, кейін 27 долларға дейін түсті. Бұған бірнеше фактордың әсері бар: АҚШ-тағы тақтатас (сланец) мұнай мен газын өндірудің қарқыны, мұнай мәселесінде салмақты ойыншы саналатын Ираннан санкциялардың алынып тасталуы, тағысын тағы. Айналып келгенде мұнай өндіретін АҚШ, Канада, Иран, Ресей, ОПЕК сынды алпауыттар арасындағы арпалыстың салдары. Осының себебінен Қазақстан секілді экономикасы мұнайға тәуелді елдердің басым бөлігі зардап шегіп келеді.

Сөзіміз дәлелсіз болмас үшін Статистика комитетінің сандарына сүйеніп, сыртқы сектордың ел экономикасына ықпалын сараптадық.

Мұнай қорынан да, экспорт көлемінен де алғашқы 15 мемлекеттің қатарына кіретін Қазақстанға қалыптасқан бұл ахуал айтарлықтай ықпал еткен. Жалпылама алғанда сыртқы сауда айналымы екі-үш есе кеміді. Ал үш жылда экспортталған мұнай көлемі белгіленген межеден кем түспесе де, одан түскен табыс үш есе азайып кеткен. Себебі «қара алтын» арзанға сатылып жатыр. Төмендегі инфографикаға көз жүгіртсеңіз, бәрі тайға таңба басқандай-ақ:

01

02Бұл арада Қазақстан мұнай бағасымен алғышартталған әлемдік экономикалық ахуалдың тек салдарын тартып отыр. Халықаралық «Forex Club» компаниялар тобының сарапшысы Валерий Полховский осындай пікір айтады. Сарапшы ел экономикасына ең бірінші ықпал етіп отырған өзге себептерді атады.

«Негізі әлемдік ахуал Қазақстан экономикасына айтарлықтай ықпал жасап отырған жоқ. Себебі Қазақстанның Қытай, Ресей сынды басты серіктестері бар. Ел экономикасына ең бірінші ықпал етіп отырған да осы көршілердегі жағдай. Қытай экономикасының баяулауы мен Ресей экономикасындағы дағдарыс қатты әсер етіп отыр. Тауар жеткізу, сауда-саттық келісімдері тежелуде. Өз кезегінде қос көршіге жаһандағы жағдай әсер етеді. Сондықтан сыртқы секторда әлемдік экономиканың ықпалын салдар деп түсінуге болады. Бұдан бөлек Қазақстанның ішкі мәселелері бар. Алдыңғы қатарлы мемлекеттермен салыстырғанда бәсекеге қабілетсіз. Әлемдік еңбек нарығында еншісін еселеу үшін ең алдымен осы мәселелерді шешу қажет. Сонда ғана Қазақстан экономикасы мұнайға тәуелділіктен құтылады», - дейді маман.

Бақсақ, Қазақстан жағдайында бүгін-ертең мұнай бағасына тәуелділіктен арыла алмайтынымыз байқалады. Бұның бәсекелестіктен бастап, ел жағдайындағы жалпы экономикалық себептері көп. Ең негізгісі екі себеп: өндірілген шикізаттың өз елімізде өңделмеуі және Ресейге экономикалық тәуелділік. Біріншісіне тоқталайық. Қара алтынның негізгі бөлігі экспортқа кетеді. Қайта өңделген өнімдер түгел сырттан тасымалданады. Яғни экспортқа шығарған мұнайымызды жанармай, газ, энергия түрінде Ресейден импорттап аламыз. Елдегі жанармай құнының қымбаттығы да осыдан. Неге Қазақстан өз мұнайын өзі өңдеп, ішкі нарықты арзан өніммен қамтамасыз етпейді? Бұған не кедергі болып отыр? Тағы да сарапшы сөзіне жүгінсек, «Жанатын шикізаттың сапасын бақылайтын халықаралық The International Fuel Quality Center (IFQC) орталығы әлем елдеріндегі жанармай сапасын зерттеген. Орталықтың рейтингі бойынша Қазақстан 2016 жылы 100 орынның ішінде 90-орынға тұрақтапты.  Бұл Уганда мен Конгоның рейтингінен де төмен. Бұны бір деп қойыңыз. Енді Қазақстан «қара алтынды» қайта өңдейтін үш ірі зауытты жетілдіріп, мұнайды қайта өңдеу көлемін 14,5 млн тоннадан 17,5 млн тоннаға дейін арттыруды көздеп отыр. Алайда бұл 2019 жылы ғана алынатын меже. Павлодар мен Атыраудағы мұнайды қайта өңдеу зауыттарын жаңғырту жұмыстары 2017 жылы, Шымкенттегі зауытты жаңғырту жұмысы 2018 жылы аяқталуы керек. Энергетика министрлігінің есебі бойынша осы зауыттарды жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін бензин, дизельді отын, әуе кемелеріне арналған жанармайлардың өндірісі артуы тиіс. Яғни мұнайды қайта өңдеу көлемі 17,5 млн тоннаға артатын болса Қазақстан ішкі қажеттілігін отандық мұнай өнімдерімен толықтай қамтамасыз етіп, импортқа тәуелділіктен құтылады», - дейді Валерий Иванович.

Тағы да «бірақ» дейміз бұл арада. Екі жылда бар мәселені шешіп, мақсатқа жету екіталай екен. Себебі мұнайды қайта өңдеу зауыттарын жаңғырту бағдарламасын толықтай жүзеге асырған күннің өзінде бір қатер бар. Қазақстанда өндірілген шикізатты ішкі нарыққа әкелу өндірушілер үшін тиімсіз болуы мүмкін. Бұл арада қыруар табыс түсіретін мұнай саласының басы-қасында жүрген монополистердің мүддесі тұр. Үкімет әлдеқашан үш мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстарын аяқтап, 2017 жылы өзімізді мұнай өнімдерімен толық қамтитын боламыз деген. Соңғы кездері ресми жауапты орган  - Энергетика министрлігі бұл мерзімді тағы екі жылға шегерді. Сондай-ақ Президент Қазақстанда төртінші МӨЗ салуды тапсырған-ды. Қазір Үкімет бұл мәселені қарастырып жатыр-мыс. Қашан қолға алынатыны Құдайға аян.

Ең үлкен екінші себепке келейік. Қазақстан мұнай мәселесінде өзгелерден гөрі Ресейге көп тәуелді. Елде өндірілген мұнайдың негізгі бөлігі Ресейдің транзиттік жолы арқылы тасымалданады. Яғни Ресей өңделген мұнай өнімдерін бізге сатудан ғана пайда тауып отырған жоқ. Өндірген шикізатымызды шетел асырғаны үшін қомақты қаражат алады. Мұнайды өндіру бар да, оны сатып алушыларға жеткізу жолы бар. Яғни - тасымалдау. Тасымалдауға келгенде де Қазақстан Ресейдің транзит жолына тәуелді. Ал Ресей транзиттен түсетін табысты арттыра беруге мүдделі. Қазақстан сынды ірі мұнай өндірушісінің өзіне тәуелді бола бергені тиімді. Әрине ел мұнайын шетелге тасымалдаудың өзге де бағыттары бар. Бірақ бәрібір басымдық Ресей транзитінде. Мұнайдың көп мөлшері Ресей бағытындағы құбырлар арқылы жеткізіледі. Ашық теңіздерге тура шыға алмайтын Қазақстан шикізатты шетел асырудың өзге бағыттарын қанша қарастырғанымен, Мәскеу өзінің транзиттік мүмкіндіктерін әлсіретпеуге тырысып бағады. Бұған мүмкіндігі де жеткілікті. Себебі Қазақстан Ресейге тек мұнай мәселесінде ғана тәуелді емес.

Қазақстанның мұнай мәселесіндегі ең негізгі осал жері - осы екеуі. Әзірге бұл екі мәселе басы ашық күйінде қала бермек. Қолдан келер қайран жоқ.

Қазақстанның әлемдік «мұнай соғысында» ұтпаса да оңтайлы орналасқан тұсы - Қытай. Жаһандық жағдайдан ұпайы түгелі - осы көршіміз. Себебі Қытай нарығы - үлкен тұтынушы нарық. Қытай импорты - әлемдік мұнай бағасын қалыпқа келтіруде басты факторлардың бірі саналады. Бүгінгі таңда экономикасы баяуласа да, «қара алтынды» арзанға алып, есебін түгендеп отырған жайы бар. Айта кетерлігі, Қытайға мұнай жеткізуде Ресей былтыр Сауд Арабиясын шаң қаптырып, бірінші орынға шыққан. Әрине, бұнда біздің елдің үлесін арттыру тұрғысында мәселе көтерілуі мүмкін. Алайда, Қазақстан ұстанымында ең негізгісі  - мұнай сату бағытын әртараптандыру. Бұл белгілі бір бағыттағы тәуелділікті арттыра түседі.

Алпауыттар арпалысы

Жалпы әлемдік «мұнай соғысында» Ресей ықпалды ойыншы. Себебі мұнай қоры мол. Былтыр 547,6 млн тонна мұнай өндіріп, 254,8 млн тоннасын экспортқа шығарған. Яғни мұнай өндірісінің 46,5 пайызы. Осылайша Ресейдің өткен жылғы жалпы экспортында мұнайдың үлесі 25,8% құраған. Санкциялардың құрсауында қалғанына қарамастан 2016 жылы мұнай өндіруден Америка мен Сауд Арабиясын басып озып, әлем бойынша бірінші орынға шықты, бұл бюджеттің орнын толтырудың қамы секілді. Десек те көршіміз дөңайбаттан ада. Бүгінгісі «бөрі аштығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтардың» кері. Сондықтан арбасқан алпауыттармен келісімге келуге кет әрі емес. Желтоқсанда ОПЕК-пен мұнай өндіру көлемін шектеу туралы келісім жасасқан. Алдағы уақытта да осы уағданы жалғастыра беруге бейім. Өз кезегінде ОПЕК-тің де келіспеске амалы жоқ. Ресей ұйым құрамына кірмесе де саясатына айтарлықтай ықпал ете алады. Өйткені кез келген уақытта нарықтағы үлесін арттыруы мүмкін. Сол себепті де ОПЕК көршімізбен санасуға мәжбүр.  Дәл қазір қос тараптың мүддесі бір жерде тоғысып тұр. Бас ауру басқада...

Құрамына  мұнай өндіретін 13 мемлекет кіретін ОПЕК әлемдегі мұнай қорының үштен екісіне, экспорттың тең жартысы ие. Бірақ ұйым құрамына кірмейтін бәсекелестерінің өндіріс көлемін арттыруы себепті ұпайынан ұтылып отыр. Мәселені шешпек болып мемлекет басшылары өткен жылдың қарашасында Венада бас қосып, мұнай өндіру көлемін шектеу туралы келісім жасасқан еді. Осыдан кейін мұнай бағасы 30% көтерілді. Енді алты айға жасалған осы келісімді тағы жарты жылға ұзарту мәселесі қайта көтеріліп жатыр. Бұған ұйымның төрт көзі түгел мүдделі. Сарапшының сөзіне сенсек, ОПЕК келісімді ұзартуға бар күшін салады. Егер 25 мамырда өтетін кездесуде осы келісім тағы бекітілсе, нарықтағы сұраныс пен ұсыныс теңеліп, бір баррель мұнай бағасы жыл соңына дейін 60 долларға жетуі бек мүмкін.

Ресей мен ОПЕК-тің бас ауруы болып отырған - Америка. Әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші әрі тұтынушы ел. Мұнай өндірісін үздіксіз арттырып келеді. Бүгінде бұрғылау қондырғыларының санын 672-ге, бір тәулікте өндірілетін шикізатты 9,13 млн баррельге жеткізген. Қосымша мұнай қорлары ашылып, мөлшері 1982 жылғы есептерден асып түскен. Бір сөзбен айтқанда мұнай өндіретін барлық мемлекеттің бағы да, соры да Американың саясатына байланысты. Енді алпауыттардың «сарабдал саясаткер емес» деп көзге ілгісі келмеген Дональд Трамптың көңіл-күйіне алаңдаумен күні өткелі тұр. Ал Қазақстанға «мұнай соғысында» Ресейдің тілеуін тілегеннен басқа амалы қалмағандай.

Дереккөз: Қазақпарат

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сұхбат

PhotoRoom