Астана қаласында биыл EXPO-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесi өтеді. Оған әлемнiң дамыған 100-ден астам мемлекетi қатысады деп күтiлуде. Қазақстанның әлеуетiн көрсететiн зор мүмкiндiктiң бiрi болғандықтан бұл елорданың ғана емес, бүкiл елiмiздiң мәртебесiн өсiретiн шара болмақ. Сондықтан да баршамыз бұл шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысуымыз қажет.
Бүгінде облыс көлемінде «ЭКСПО - 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық жұмыстары жан-жақты жүргізілуде. Көрменің жоғары деңгейде өтуіне атсалысатын 150 ерікті де дайындықтарын күн сайын пысықтап жатыр. Сондай-ақ, көрменің өту кезеңінде Астана қаласын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында ауыл шаруашылығы басқармасы тиісті жұмыстарды атқаруда.
Ал Оңтүстік жұртшылығы қазірдің өзінде билеттерді жаппай сатып алуға көшкен. Оның ішінде өңірдегі қалталы азаматтар өз қаржыларына билет алып, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылар мен мүгедектерге және де ардагерлерге сыйлық ретінде тарту етуде. Осындай игі бастаманы қолға алған азаматтың бірі облыс депутаты, түркістандық кәсіпкер Рахым Тәңірбергенов.
Белсенді азамат Шымкент қаласындағы Әл-Фараби алаңында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі мен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына қолдау білдірген жастар мен ұлттық аспаптар оркестрінің қатысуымен өткен шараға қатысып, елордада өтетін көрмеге 2 миллион теңгеге 500 билетті өз қаражатына сатып алғанын айтты.
«ЭКСПО-2017» көрмесіне әрбір азамат атсалысуы тиіс деп есептеймін. Өйткені бұл өте маңызды шара. Елімізге әлемнің 100-ден астам мемлекеттен қонақтар келгелі отыр. Сондықтан осындай ауқымы зор шарадан оңтүстікқазақстандықтар да сырт қалмауы тиіс деп ойлап, бүгін өз қаражатыма 500 билет сатып алып отырмын. Бұл билеттерді өзіме қарасты мекемеде ерен еңбегімен көзге түсіп жүрген азаматтарға ұсынамын. Сонымен қатар, жаз айында көрмеге бару үшін арнайы автобустар ұйымдастырып, түркістандықтарды өз есебімнен Астанаға апарып қайтамын», - деді Рахым Көлбайұлы.