ШЫҰ саммиті басталды

Жаңалықтар
12.09.2014, 11:51

Душанбеде Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше  мемлекеттер басшылары кеңесінің шағын құрамдағы    отырысы басталды.

Отырысқа Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Ресей Президенті Владимир Путин, Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімов, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қатысуда.

Сонымен қатар ШЫҰ мемлекет басшылары кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысу үшін ШЫҰ жанындағы байқаушы мемлекеттер - Ауғанстан, Үндістан, Иран, Моңғолия және Пәкістан басшылары, төрағалық етуші тараптың қонағы ретінде Түркіменстан, халықаралық ұйымдар (БҰҰ, ЕурАзЭҚ, ТМД, ҰҚШҰ, АСЕАН) басшылары да келген.

Саммит барысында тараптар дәстүрге сәйкес өңірлік және халықаралық өзекті мәселелер, соның ішінде Ауғанстандағы, Таяу Шығыс мемлекеттері, Солтүстік Африка және басқа да ШЫҰ кеңістігіне іргелес өңірдегі ахуал бойынша пікір алмасады деп күтілуде.

Айта кетейік, ШЫҰ-ның құрылғанын 2001 жылдың 15 маусымында Шанхайда Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан мемлекеттері жария еткен болатын.  Ұйымның негізгі мақсаты - мүше мемлекеттер арасында өзара сенім, достық, тату көршілік қарым-қатынастарды нығайту, саяси, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, білім беру, қуат көзі, көлік, экологиялық және өзге де салаларда тиімді әріптестік шараларын дамыту, ортақ күш жүмсап аймақтық бейбіт өмірді, қауіпсіздікті және тұрақтылықты қамтамасыз ету, демократиялық, әділ және ұтымды саяси, экономикалық халықаралық тәртіп орнатуға жағдай жасау.

Сұхбат

PhotoRoom