«ОҢТҮСТIК – ЦИРК» ЭКСПО – 2017 КӨРМЕ ҚОНАҚТАРЫН НЕСIМЕН ТАҢҒАЛДЫРАДЫ?

Жаңалықтар
20.04.2017, 20:56

3dc6e0ce6255a54703eea2cec6b74f56_LАстана төрiндегi ЭКСПО – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесi қазақ халқының мәдениетi мен өнерiн де әлем жұртшылығына паш ететiн шара болғалы тұр. Сарыарқа төрiндегi осы iс-шараға Шымкенттегi «Оңтүстiк – Цирк» мекемесiнiң өнерпаздары да қызу әзiрлiк үстiнде. Әсiресе, осыдан бiрнеше ай бұрын ашылған шабандоздық өнер (джигитовка) тобының сайыпқырандары дайындықты күшейте түскен. Себебi, олар өте қысқа мерзiмде аса жауапты әрi қиын өнер түрi бойынша жаңа нөмiр әзiрлеп шығуы қажет. Бұл туралы "Оңтүстік Қазақстан газеті" жазады.

Шабандоздық өнер (джигитовка) тобының жетекшiсi Қалқаман Дүйсеқұлов – кезiнде Астана циркiнде қызмет еткен тәжiрибелi маман. Оңтүстiкте цирк ашылғанын естiп, туған жерге оралған. Жас болса да ұстаздыққа жарап қалған. Шәкiрттерiнiң, әрiптестерiнiң ат үстiндегi әрбiр қимылын бақылап, бағыт-бағдар берiп отырады.

– Астанада жүргенде туған жерiмде цирк ашылғанын естiп қатты қуандым. Тәжiрибемдi, бiлiмiмдi шырайлы Шымкентiме әкелгiм келдi. «Оңтүстiк – Цирк» басшылығы бiздi қызу қолдап, 7 ай бұрын шабандоздық өнер бөлiмiн ашып бердi. Шабандоздық – қазақтың қанында бар қасиет қой. Осы Оңтүстiктiң жас жiгiттерiн жинап, жаттығуды бастап кеттiк. Осындағы ұлттық спорт түрлерi мектебiнен конкур және бәйгелерге қатысып жүрген жастарды шақырдық. Ат құлағында ойнайтын аруларымыз да баршылық. Жуырда Түркiстан қаласында облыс әкiмдiгi мен ТҮРКСОЙ ұйымдастырған

Наурыз тойында өнер көрсеттiк. Жұрт өнерiмiздi жоғары бағалап, қызығушылық танытып жатыр, – деген Қалқаман Дүйсеқұлов бұл өнер түрiн меңгеру оңай еместiгiн де атап өттi.

– Аттың үстiнде тiк тұру, секiру, астынан өту, түрлi қимылдар көрсету оңай емес. Оған көп адамның жүрегi дауалай бермейдi. Циркте өнер көрсету үшiн ең алдымен жүректiлiк керек. Сосын тынымсыз еңбек қажет. Талай жiгiт жаттығудағы қиындыққа шыдамай кетiп қалды. Кейбiр жiгiттер өте талантты болады. Олар бiр нөмiрдi бiр үйреткеннен-ақ қағып алады, ал, кейбiрi 3-4 айда меңгеруi мүмкiн. Оңтүстiкте тұлпарымен топқа кiретiн жастар көп қой. Шабандоз даярлау жағынан үмiткер табу қиын емес. Цирк аттарымен өнер көрсету үшiн жылқыны аялап, оның шын досына айнала бiлу керек. Жанашыры болып, жағдайын жасаған жөн. Сонда ғана жылқы мен шабандоз арасында үйлесiм болады. Бұйырса, толыққанды нөмiр дайындап, халықаралық байқаулар мен ЭКСПО–2017 көрмесiне қатысуды жоспарлап отырмыз, – дейдi ол.

Ал, «Оңтүстiк – Цирк» мекемесiнiң директоры Арман Әлиев «Азия жаңғырығы» халықаралық байқауы мен ЭКСПО–2017 көрмесiне Шымкенттiң ат құлағында ойнаған жiгiттерi мен қыздары баратынын жеткiздi.

– Шабандоздық – қазақ халқына тән өнер. Өзге өңiрлерде қызмет етiп жүрген Қалқаман мен Жәнiбек деген жiгiттер туған жерге оралып, жақсы жұмыс iстеп жатыр. Оларға қолдау көрсетiлуде. Таяуда бiздiң топтың өнерiн көрген ат спортының мамандары таңданыстарын жасыра алмады. Олар да цирктi тек балаларға арналған мекеме деп ойлайды екен. Жiгiттердiң шеберлiгiн көрiп, бастарын шайқады. Мен келгенге дейiн екi тұлпар Ресейден әкелiнген екен. Кейiн өзiмiздiң облыстағы атбегiлерден тағы 4 жылқы сатып алынды. Әлемдегi ат үстiнде өнер көрсететiн ең мықты цирк топтарын шақырып, Шымкентте халықаралық фестиваль өткiзудi армандаймын. Бұл бiздiң көрермендерге ерекше шабыт пен серпiлiс сыйлайтын едi. Бiздiң ұжым ЭКСПО–2017 көрмесiне шақырту алды. Қазiр ең үздiк қойылымдарды iрiктеп, бiр бағдарламаға бiрiктiрiп жатырмыз. Бүгiнде «Оңтүстiк–Цирктiң» бiрнеше өнерпазы Египетте өнер көрсетiп жүр. Олар аса қауiптi «Өлiм дөңгелегi» нөмiрiн орындайды. Елорда төрiне осы жiгiттермен қатар мықты акробаттарымызды, үйретiлген аңдарымызды және жоғарыда атап өткен шабандоздарымызды апаруды жоспарлап отырмыз. Мақсатымыз – Астанаға әлемнiң 100-ден астам елiнен келген саяхатшыларды таңғалдыру. Солардың көңiлiнен шығып, қазақ цирк өнерiнiң абыройын көтеру, – дейдi «Оңтүстiк–Цирктiң» директоры.

Сұхбат

PhotoRoom